Елімізде 90 мыңға жуық студентке жатақхана керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде ұсынған 10 бастамада осы жастар мәселесін жедел шешуге басымдық берді. Осы уақытқа дейін білім басқармалары және құрылыс компаниялары 25 келісімшарт жасасты. Демек, алдағы үш жылда 8,5 мың студент жатақханамен қамтылмақ. Ал, Алматы облысында биыл үш жатақхананың құрылысы басталды.
Талдықорған жоғарғы политехникалық колледжінде 2200 студент білім алуда. Олардың тек 10 пайызы жатақханада тұрады. Қалғандары туған туыстарын жағалап, я болмаса бірігіп пәтер жалдап оқып жатыр. Биыл өзекті мәселе оң шешімін тауып, жергілікті билік 200 орындық жатақхана құрылысын қолға алды. Жаңа студенттер үйі барлық талаптарға сай салынбақ.
Ерхат Мұқажанов, Талдықорған жоғарғы политехникалық колледжінің директоры:
Мемлекет тарапынан да осындай жатақхана салуға үлкен қолғабыс тиіп жатыр. Сонымен қатар жеке инвесторлар арқылы да мүмкіндіктерді қарастыруға деген ойларымыз бар. Болашақта осы жұмыстардың бәрін іске асыруға біз өзіміздің күш- жігерімізді салып жатырмыз.
Дегенмен, Жетісу өңірінде бұл бастамаға кәсіпкерлердің ұмтылысы бәсеңдеу. Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған қаржы орталығы бағдарламаға 152,8 миллиард теңге қарастырып отыр. Құрылыс компаниялар тәуекелге барып, жатақхана салса, шыққан шығыны жабылып, табысы еселене түспек.
Алпамыс Сатыбалдин, Қаржы орталығының менеджері:
Жеке кәсіпкер 500 орындық жатақхана сала бастады делік. 2020 жылы эксплуатацияға енгізілді. Ол кісіге жылына 159 миллион теңге төленетін болады. 8 жылдың ішінде 1 миллиард 280 млн теңге төленеді. Одан бөлек осы жатақханада тұрып жатқан студенттерден тұрып жатқаны үшін төлемақы алуға болады. одан бөлек осы ғимараттың алаңында коммерциялық алаңдар салуға болады.
Жалпы Алматы облысында 9 оқу орнында білім алатын 2000-ға жуық студентке жатақхана қажет. Үшінші әлеуметтік бастаманы орындауға әзірше тек облыс билігі өз есебінен кірісті. 10 жатақханаға жер бөлініп, жобалық құжаттары реттеліп, алғашқыларының құрылысы басталды.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Егер статистика мәліметтеріне сүйенсек елімізде 2000 жылдардың басында бала туу көрсеткіші өскен. Мәселен, 2004 жылы 220 мыңға жуық сәби дүние есігін ашқан. Сол кезде туған сәби бүгінгі студент. Демек, жатақханаға деген қажеттілік арта бермек.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ