Ақтөбеде мүгедектер шипажайда емделу мүмкіндігінен қағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мүгедектер шипажайда емделу мүмкіндігінен қағылды

19.06.2019

Арман болған жолдама! Ақтөбелік мүгедектер биыл шипажайда емделу мүмкіндігінен қағылғалы тұр. Олар жыл сайын санаториге берілетін жолдаманың кешіктіріліп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Ал шенділер болса, оның өз себептері бар екенін алға тартады. Мәселенің мән-жәйін Жақсыбек Кемал анықтап көрді.

 

Әлия Сағындықова  туабітті сал ауруына шалдыққан. Алайда, арбаға таңылғалы  ешқашан  көмек көрмегенін  айтып отыр. Биыл шипажайға барып ем алғысы келгенмен, ол ойының орындалуы екіталай. Себебі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдауға бірде бір демалыс орны дайын емес.

 

 Әлия Сағындықова, I топтағы мүгедек:

 

Қазір естіп жатырмын, көп адамдар санатариге кезекте тұр екен. Бірақ, әлі берілмей жатыр. Барлығын естіп жатқасын мен де бардым осы жақында. Сұрадым собезден. Негізі бізге керек. Шамалы болса да, жүріп кетпесек те, үйдің қозғалысына керек ол. Емделген жақсы деп ойлаймын.

 

Жауапты мамандардың айтуынша, мүгедектер демалысын ұйымдастыру бойынша  төрт рет тендер жарияланып, өтпей қалған. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасап келген Түркістан облысындағы шипажайлар бұл жолғы байқауға қатыспапты. Тек жергілікті  бір демалыс орны қызығушылық білдірген. Ал, ереже бойынша бір ғана қатысушы тіркелсе, тендер өтпейді.

 

Қайрат Отаров, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының басшысы:

 

Үкіметтік емес ұйымдар бізге қатыса алады, егер құрамында 50 пайыздан жоғары мүгедектер бар кезде. Қазір біз осылардың арасында өткізіп этабымызды біттік. Енді міне, 4-інші этаптан кейін, егер өтпеген болып саналса, онда келесі этапты мен общих основаниях берем. Значить, Қазақстандағы бүкіл мекеме қатыс аалады. Я имею в виду санаторно-лечениемен айналысатын.

 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы мәселені шешуге барынша тырысамыз дейді. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды емдеу орындарына жіберу үшін 120 миллион теңге бөлінген.

 

Жақсыбек Кемал, тілші:

 

Қазіргі күні өңірде 25 мыңнан аса мүгедек тұрып жатыр. Олардың көбі мүмкіндік болса, шипажайларға барып, ем алуды қалайды. Жоспар бойынша биыл 1117 адамға ғана жолдама беріледі. Дегенмен, олардың өзі жазғы демалыс маусымын өткізіп аламыз ба деп алаңдаулы.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

Хабарламаларға жазылу