Басты Жаңалықтар Ұшақтар кентінің тұрғындары 10 жылдан бері электр жарығынсыз және сусыз өмір сүруге мәжбүр

Ұшақтар кентінің тұрғындары 10 жылдан бері электр жарығынсыз және сусыз өмір сүруге мәжбүр

Семейдің іргесіндегі Ұшақтар кентінің тұрғындары 10 жылдан бері электр жарығынсыз және сусыз отыр. Осы уақыт аралығында ауыл халқының бармаған басшысы, мәселені айтпаған депутаты қалмаған. Алайда, түйткілді мәселенің түйіні тарқатылмай келеді. Қиындықтан әбден мезі болған жұрт технология дамып тұрған заманда қара су мен жарыққа жаритын күнді күтіп жүр.     

 

Ержан Жақып, тілші:

Қазір тұрғындардың көпшілігі заңсыз болса да, электр жарығын осылайша қолдан тартып алған. Үй арасындағы тоқ сымдары аяқ астында тапталып жатыр. Қауіпті болса да, осындай тәуекелге барып отырмыз дейді.

Ұшақтар поселкесі қаланың шетінде орналасқан. Бұл жерге осыдан 10 жыл бұрын тұрғындар әкімшіліктен жер алып, үй тұрғызған. Қазір 900-ге тарта түтін бар. Электр желілері әу баста болмағандықтан, халқы әлі күнге жарықсыз отыр. 

Бақытбек Серәлиев, тұрғын:

Технологияның жетілген заманы, компьютерленген заман дейді. Біз артта қалып қойдық. Бізге неге жаны ашымайды басшылардың?!

Талғат Бітімбаев, тұрғын:

Тоқтың бәрі жерде жатыр. Ертең осыдан біреу тоқ соғып қайтыс болып, сол кезде ғана бастамаса, әлі ешқайсы қозғалар емес.

Жарықпен қоса, ауыз суда қат болып тұр. Тұрғындар тіршілік нәрін арбалап тасып ішуге мәжбүр. Қыста қар басып қалған кезде жауын-шашынмен езілген жолдың жыры бір бөлек дейді жұртшылық.

Арайлым Құрманғалиева, тұрғын:

Ең бастысы жарық керек. Суды алыстан болса да, тасымалдап отырмыз. 

10 жылдан бері «Су да, жарық та болады», деп талай уәдені үйіп-төгіп келе жатқан басшылар мәселемен жақсы таныс. Айтуларынша, биылдан қалмай халық жарыққа қарық болмақ. 

Шадияр Күнчаев, ТҮКШ құрлыс секторының меңгерушісі:

Жобаның жалпы құны 625 миллион. Бұл сомма республикалық бюджеттен толық бөлінді. Жылдың аяғына дейін аталған жұмыстарды аяқтау жоспарда бар. Жоба бойынша 700-ден астам тұрғын үй электр желісімен қамтамасыз етіледі.

Мамандарға сенсек, қысқа дейін ауызсу мәселесі де шешімін табады. Ол үшін де жоба дайын көрінеді. Тек қаржының бөлінуін ғана тосып отырмыз дейді.

Амантай Өтелбаев, ТҮКШ бастығы:

1 миллиард қаражат тосып отырмыз. Осы ақшаны беру мәселесі шешіліп қалса, біз ақшаны толықтай игеріп, қысқа дейін суды әрбір үйге тартамыз.

Осылайша, басшылар қараша халықтың мәселесін биылдан қалдырмай шешуге бекінген. Тұрғындар болса, бұл да әбден мезі қылған кезекті уәденің біріне айналып кетпесе екен деп, үміттерін үзбей отыр. 

 

Ержан ЖАҚЫП

 

Бөлісу