Полиция сержанты тапанша кезенген адамға қарсы шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиция сержанты тапанша кезенген адамға қарсы шықты

14.06.2019
Полиция сержанты тапанша кезенген адамға қарсы шықты

Тәжірибесі терең, еңбегі ерен тәртіп сақшыларының ерлігі ел назарынан тыс қалған емес. Күні кеше ғана полиция сержанты тапанша кезенген ер адамға қарсы шығып, қолындағы қаруын зарарсыздандырды. Мысалға келтіру үшін мұндай оқиғаларды  мыңдап санауға болады. Ең бастысы қоғамның тәртіп сақшыларына деген сенім оты оянып, шын жанашыр екенін сезіне бастады. Толығырақ, Ербол Мәндібектің репортажында. 

 

Мына әуесқой түсірілім кешелі бері әлеуметтік желіде желден де жылдам тарап жатыр. Қолына тапанша ұстаған ер адам тұрғындардың үрейін ұшырып, зәре-құтын қашырған сәт. Оқиға орнына полиция сержанты Руслан Шмидт дереу жетіп, бұзақымен бетпе-бет сөйлесіп тұрған сәт. Кәсіби сақшы әуелі сөзге тартып, аңдысын ала бере қолындағы тапаншасын тартып алды.

 

Руслан нағыз ерлік жасады. Қоғам тыныштығы жолында қызметіне адал екенін дәлелдеді. Полиция департаменті оны алдағы уақытта марапатқа ұсынбақшы. Дегенмен, өз өмірін қатерге тіккен аға сержант атаққа емес, қашан да адалдыққа еңбек ететінін айтты.

 

Руслан Шмидт, Патрульдік полиция қызметкері:

 

Тапа-тал түсте ауладағы адамдарға тапанша кезеніп, өмірлеріне қауіп төндірген адамның қолындағы қаруын тартып алу үшін білгенімен жаңылған жоқпын. Ешкім зардап шеккен жоқ. Ал, ұсталған жігітті полиция бөлімшесіне жеткіздік. Мен әр уақыт та өз қызметіме, полиция беделін арттыру жолында аянбай еңбек етуге әзірмін.

 

Келесі кейіпкеріміздің де есімі Руслан. Оның ерлігі де ел есінде. Көктем мезгілінде Есіл өзенінің үстінен өтпек болып, мұзды суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалған. Лейтенант Бүркітбаевтың ерлігі ескеріліп, арнайы медальмен марапатталған.

 

Руслан Бүркітбаев, Патрульдік полиция қызметкері:

 

Қоғам тыныштығына жауапты тәртіп сақшыларының халық алдындағы адалдығы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Олар өз міндеттерін мүлтіксіз атқару үшін барын салып бағады. Қатарда жүріп қыршын кеткен қызметкер қаншама? Тәуелсіздік жылдарынан бері 2200-ден астам полиция қызметкері қылмыскерлермен күрес кезінде қаза тауыпты.

 

Ербол МӘНДІБЕК  

Хабарламаларға жазылу