Ақтөбелік ғалымдар бидайдың жаңа түрін шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік ғалымдар бидайдың жаңа түрін шығарды

10.06.2019

Ақтөбедегі ауылшаруашылық тәжірибелік бекетінің мамандары бидайдың жаңа тұқымын шығарды. Мамандар бұл еңбектерін облыс орталығының 150 жылдық мерейтойына арнап отыр.

Дақылдың жаңа түріне «Ақтөбе-150» деген шартты атау берілді. Авторлар болашақта оның сапалы өнім береріне сенім артады. Жалпы, тәжірибелік бекет ұжымы 60 жылдан аса уақыттан бері 32 авторлық патент иеленген. Ақтөбелік селекционерлердің еңбектері алыс-жақын шет елдерде де жоғары бағаға ие болды. Мәселен, қатты бидайдың «Сояна» және «Целина» деп аталатын тұқымдары Ресейдің Қорған, Челябі, Орынбор облыстары мен Башқұртстанда сынақтан сәтті өткен.

Владимир Цыганков, тәжірибе бекетінің бөлім меңгерушісі:

- Әр шаруашылық кемінде дақылдың екі түрін өсіргені дұрыс. Сонда еңбек өнімділігі жақсы болады. Оны өз тәжірибемізден білеміз. Мәселен, Әйтеке би ауданындағы шаруашылықтардың бірі бидайдың «Қарғалы-9» және «Қарғалы-69» деген тұқымдарын өсірді. Оның екеуінің пісетін уақыты екі түрлі. Бұл кепілді түрде жақсы өнім алуға мүмкіндік береді. Жаңа шығарылған тұқымнан да жақсы нәтиже күтеміз.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу