Елордада көпбалалы отбасы далада түнеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көпбалалы отбасы далада түнеп жүр

07.06.2019

Нұр-Сұлтанда көпбалалы ана баспанасыз қалып, шатыр астында күнелтуге мәжбүр. Отбасының ашық аспан астында түнеп жүргеніне бүгін - 7-ші күн. Жұмыссыз ананың шарқ ұрып бармаған жері жоқ. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, қорғаусыз қалған жандар көпшіліктен көмек сұрайды.

Алды 11-ге, кенжесі 1,5 жасқа келген 4 баланың анасы Ақбаян Жалмырзаева тұрып жатқан үйінен де, істеп жүрген жұмысынан да бір мезетте айрылды. Осыған дейін азық-түлік саудасымен айналысып келген ананың ісі оңға баспай, ақшасы таусылып, жалдап тұрып жатқан пәтерінің ақысын төлей алмай қалған.

Ақбаян Жалмырзаева, көпбалалы ана:

- Қарызға батып қалдым, әлеуметтік көмек те түспей қалды уақытылы. Тұрып жатқан жатақхананың иесі бізді шығарып жіберді. Киімдерімізді алып қалды бермей, құжаттарымызды. Өйткені 2 айлық жарықтың ақшасын төлеуім керек болатын. 2 күнде ақшам түседі деп едім, оған қарамады.

Барар жер, басар тауы қалмаған отбасы енді даладағы шатырда бас сауғалауға мәжбүр. Отағасы болса, бала-шағасын тастап, бірнеше айдан бері үйге келмепті. Қиындыққа тап болған Ақбаян ауылдағы анасын шақыртып алған.

Мәриямкүл Ахметова, Ақбаянның анасы:

- Мен де 75-ке келдім. Алаңдаймын да отырамын. 10 жыл болды, көмектесіп тұрамын.

Жалғызілікті ананың қала орталығындағы көшеде шатыр тігіп алғанына көрші-көлем наразы. Олар жергілікті атқарушы органдарды шақыртқан.

Ақбаян Жалмырзаева, көпбалалы ана:

- Бұл жерде жатуға болмайды, шатырды бұзамыз, бұл әкімдіктің жері дейді. Балаларды Балалар үйіне жібереміз дейді. Менің көзімше хабарласты.

Ақбаянның өзі елордаға 17 жыл бұрын келіпті. Отбасы 10 жылдан бері үй кезегінде тұр. Кейіпкеріміз әлі де әділдік үшін күресуге әзір. Ал елордада күн де суып кетті.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу