Петропавлда суға кеткен 5 жастағы бала мен анасын құтқарып қалған шекарашы Сергей Гайдай марапатталды. 29 мамыр күні Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылына апаратын ағаш көпірден өтіп бара жатқан кезде, тақтай сынып кетіп, 5 жастағы бала суға түсіп кеткен. Анасы жүзу білмесе де, соңынан секірген. Абырой болғанда, өзен жағасына балық аулауға барған шекарашы әйелдің жанайқайын естіп, бірден көмекке ұмтылады. Бүгін Төтенше жағдайлар департаментінде бейбіт күннің батырына «Суға батқанды құтқарғаны үшін» медалі табысталды.
Сергей Гайдай, ҰҚК Шекара қызметінің аға нұсқаушысы:
- Мен жүзіп жеткенше бала батып кетіпті, су бетінде көрінбейді. Бірнеше рет сүңгіп тауып алдым, қолыма іліккен киімінен тартып шығардым. Анасының үстіне жатқызып, екеуін жағаға алып шықтым. Бала демалмайды, бар білгенімді істеп, дем салып, кеудесінен бастым. Шешіндіргесін есін жиды. Анасы көтеріп, үйіне алып кетті.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ