Кейінгі кездері елімізде бедеулік белең алып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кейінгі кездері елімізде бедеулік белең алып тұр

06.06.2019

Дәрігерлер осыны айтып, дабыл қақты. Мамандардың сөзінше, ел демографиясына кері әсерін тигізетін кесел жыл өткен сайын жасарып барады.

Мәселен, он жылдың ішінде ерлер денсаулығына қатысты сауалнамаға ерікті түрде қатысқан 25 мың ер азаматтың 56 %-ы бедеулікке ұшыраған. Оның 14 мыңы ғана ем қабылдаған. Ал, жартысынан астамы өз денсаулықтарына салғырт қарағандықтан, бедеуліктен өмір бойы айыға алмайтын күйге түскен. Соның салдарынан, шаңырақ көтерген жұптардың 15 %-ы бала сүйе алмайды.

Бізге сұқбат беруге келіскен қарағандылық жас жігіт жүзін жасырғанымен, ауруын жасырмады. Ол шалғай елдімекендегі дәрігерлердің салғырттығынан туа бітті дерті барын тек әскер қатарына шақырғанда білген. Аталық бездің ұмаға түспеуі – бедеулікке әкелетін бір себеп. Сондықтан, ізгіліктен үмітті науқас дәрігерлердің көмегімен енді емделіп жатыр.

Қарағанды облысының тұрғыны:

Мен оны білген жоқпын кішкентай кезімнен, яғни туғаннан болған. Бірақ, осы жасқа келгенде жасаттым. Енді алдағы уақытта үйленіп жатсам, құдай қаласа, баламды қаратамын.

Ал, уролог мамандар емнен кейін жақсылап күтінсе, 25 жастағы кейіпкеріміз үбірлі-шүбірлі бола алады,-дейді.

Марат Мақажанов, уролог-дәрігер:

Емделушінің аталық безі уақытында ұмаға түспегендіктен, бізге келді. Бірінші осыдан 3 ай бұрын оң жағын түсірдік. Ұмаға операция жасап, енді осы жолы келгенде, сол жағын ұмаға түсірдік. Екі операциясын жасадық. Бұндай науқастар ота жасалғаннан кейін көпшілігі бедеуліктен айығады.

Қазір Үкімет тарапынан осы ауруды емдеу үшін арнайы квота да бөлінген. Сонымен қатар, бедеуліктен сақтану жолдарын айқындап, ашып көрсететін кітаптар да жарық көріп жатыр. Мәселен, «Ерлер денсаулығы жөнінде таңдаулы дәрістер» атты еңбек.

Мырзакәрім Алшынбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Біздің көршілеріміз өзбек елі де тәуелсіздік алған кезде 18 миллион, қазір 32 миллион. Біз де тәуелсіздік алған кезде 15 миллион болдық. Миграцияның әсерінен қазір 18 миллионбыз. 3-ақ миллионға өстік. Мынау кең байтақ жерімізді, 5 Франция келетін жерді кімге қалдырамыз ертең? Ал, біздің ерлердің денсаулығын сақтау – ол стратегиялық үлкен жұмыс.

Ғалымдардың пікірінше, бедеуліктің белең алуына ауруын жасыратын ерлер мен ата-ананың бала денсаулығына деген жауапсыздығы – себеп. Сондықтан, дәрігерлер бедеулік туралы нақты статистика келтіру қиынға соғатындығын айтты. Ал, ел демографиясы үшін маңызды мәселеге келгенде ер азаматтардың қарағандылық жігіт сияқты емделуден қашпауы қажет,-дейді мамандар.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу