Алматы облысында бейресми мәлімет бойынша 150-200 мыңдай адам саяжайда тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында бейресми мәлімет бойынша 150-200 мыңдай адам саяжайда тұрып жатыр

06.06.2019

Бау-бақшаға арналған нысанды паналаған жұрт өркениеттен қағылған. Тек облыс орталығы Талдықорғанның өзінде 30 мыңға жуық адам саяжайды тұрақты мекеніне айналдырған. Бұл жерлерде ауыз су, көгілдір отын, көлік қатынасы өзекті проблема болып тұр.

Бұл Қаратал саяжайы. Осы жерде 30 шақты үй осы жердегі жалғыз құдықтан суды тасып ішеді. Саяжайды паналаған халық өркениет бізге де келсе деген бір ғана тілегі бар.

Гүлшара Ағиықова, «Қаратал» саяжайының тұрғыны:

Кешке дейін сумен әуре боламыз. Сусыз адам өмір сүре алмайды. Бірінші нан, екінші су.

Ал бұл тағы бір саяжай. Қалаға іргелес Шайқорғандықтардың жағдайы биыл жақсара түспек. Себебі, мұнда газ құбыры, ауыз су құбыры қатар тартылып, көшесіне асфальт төселіп жатыр.

Лаура Жұбанбаева, «Шайқорған» саяжай қауымдастығының төрайымы:

Талдықорғанда 12 саяжай бар. Соның ішінде, бірінші саяжай болып, Шайқорған саяжайы бірінші кірді. Суымызды, газымызды, светімізді бірінші болып кіргіздік.

Саяжайдың инфрақұрылымын жақсартуға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жұмыстың сапалы орындалуын өңір басшысы өзі қадағалап отыр. Бұдан бөлек қала маңында үй салып, жаңадан қоныстанып жатқан Ынтымақ және Жастар шағын ауданында да ауыз су, кәріз жүйесі тартылып, жаңадан асфальт төселуде.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Жұмыс жаман емес, істеліп жатыр. Кейбір жерлерде мердігерлер дұрыс жасамай графиктен шығып кетіп, солардың бәріне шара қолданамыз.

Қалада көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы да қарқын алған. Көпбалалы аналарға бөлек үй салынады. Сондай-ақ, коттеджді қалашықтан да көпбалалы отбасыларға баспана бөлінбек.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу