Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесті

04.06.2019

Біліктілігі тең болғанымен, шетелдік пен отандық жұмысшылардың жалақылары әртүрлі болуы компанияларға сын. Атырау өңірінде жұмыс сапарымен жүрген мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен жиында осы мәселені қозғады.

Бұл әділетсіздікті жою үшін Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын басшылары мен облыс әкіміне мамандарды алаламай, тек кәсібилігі бойынша бағалап, лайықты айлық бекітілуін тапсырды. Сондай-ақ отандық жұмысшылардың білімін арттырып, бәсекеге қабілетті болуы үшін қосымша оқытып тұру қажет. Бұдан бөлек президент өңір басшылығын мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі өспей тұрғаны үшін сөкті. Бірнеше жыл қатарынан көрсеткіш 34%-да тұралап қалған. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Президент баяндамасынан соң, мінберге мұнайлы өлкенің тұрғындары шықты. Аға буын өкілдері Атыраудан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына дейін қатынау қиындап кеткеніне наразылығын білдірді.

Пойыз вагондары ескі болғанымен, билет – қымбат. Ұшақпен ұшу қарапайым тұрғындар үшін, тіпті, қолжетімсіз. Сондай-ақ Президентпен кездесуде балық шаруашылығын дамыту мәселесі қозғалды. Мемлекет басшысы да, жергілікті тұрғындар да жақында Жайықта 118 тонна балықтың қырылғанына алаңдаушылық білдірді. Жалпы, өңірдің экологиялық проблемалары да сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий мен Ақжайықтың әлеуетін сақтай отырып, оны тиімді пайдалануға тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Біз Қашаған жобасы бойынша, қазақстандық компаниялар үшін тең дәрежеде қолжетімді етуге құны 20 000 000 доллардан асатын сатып алу жұмыстарына ғана келісім береміз. Сөйте тұра, қазақстандық компаниялардың басым көпшілігі, әсіресе шағын орта бизнес бұл межеден төмен сигментте жұмыс істейді. ТШО жобасы бойынша мүлдем жолға қойылмаған. Үкіметке консорциумдармен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын. Бұл мәселенің шешім табуы отандық бизнеске, атыраулық ШОБ компанияларына пайдалы болар еді.

 

Хабарламаларға жазылу