Түркістандық диқандар озық технологияның арқасында 2 есе көп өнім алмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық диқандар озық технологияның арқасында 2 есе көп өнім алмақ

04.06.2019

Түркістан облысының диқандары биыл озық агротехнологияны пайдаланып, мақтадан екі есе көп өнім жинағалы отыр. Жаңа тәсіл бойынша мақта тұқымы бұрынғыдай ашық алқаптарға емес, полиэтиленмен жабылған жерге тасталуда. Бұл егістіктің ылғалын сақтап, әрі топырақты тез қыздырады. Соның арқасында мақта жылдам өсіп жетіледі. Тағы бір жаңашылдық – мақталықты тамшылатып суару.

Шетелден әкелінген мына техникалар тұқым себу кезінде бірнеше жұмысты қабат атқарады. Тракторлар алдымен екі бетке біркелкі етіп, тұқым тастайды. Іле-шала соның бойымен су жүретін түтікшелерді жүргізеді. Тұқым тастайды. Соңынан жердің бетін полиэтиленмен жауып, етегін топырақпен бастырып шығады. 

Шаруашылық қазір 200 гектар жерге осындай тәсілмен мақта егіп жатыр. Егіс тұтастай тамшылатып суарылады. Ол үшін бірнеше жерден арнайы тоғандар істелген. Тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы дәрілер осы жерде араластырылып, егістікке сумен бірге жеберіледі. 

Мәдәлі Тәжібаев, жоба жетекшісі:

- Артық культивация жасамаймыз. Суды бес есеге үнемдейді. Және де мақта талшығы 40%-ға дейін өнімділік береді. Ал бізде Қазақстанда ол бүгінде 30-32%-дан аспайды.

Тың тәсілдің ерекшелігі - жерге тасталған тұқым толығымен өсіп-өнеді. Бұл өнімділіктің артуына негіз болады. Мақталық гектарынан 7 тоннаға дейін өнім жинауды көздеп отыр. Бұл қалыпты егістен 2 есе жоғары. Шаруашылық келешекте егіс көлемін 5 000 гектарға дейін жеткізбек. Ол үшін қазір жайылым ретінде пайдаланылған жерлер егіске лайықталып, жерасты суын пайдалану үшін ұңғымалар қазылуда. 

Жандос Медеуов, шаруашылық басшысы:

- 2019 жылы қолға алатын жеріміз 2 мың гектар. 2020 жылы ол көлем 3 мың гектар жер болады. Бізде 500 адамға жұмыс орны бар.

Ауыл шаруашалығын субсидиялау тәртібінің өзгеруі өңір диқандарының егістікке жаңашыл әрі тиімді технологияларды пайдалануына негіз болды. Енді қаржылай көмек бұрынғыдай мақта өніміне қарай емес, шиттің құнына қарай беріледі. Сондай-ақ, техникасын жаңартқан шаруашылықтар шығынының 25%-ын, тамшылатып суаруға жұмсалған ақысының тең жартысын Үкімет өтеп бермек.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу