«Тау боп үйілген тауықтың саңғырығы - қоршаған ортаға қауіп» дейді шағымданған халық. Әрі қалдық полигоны - тұрғын үйлерге таяқ тастам жерде орналасқан. Жылдар бойы көптің көңілін күпті еткен мәселе қалай шешілмек? Әріптесім Ардақ Мұратқызы таразылап көрді.
Біз қазір Орал құс фабрикасынан шығатын қалдықтардың қасында тұрмыз. Бұл жердегі нәжістің иісінен дем алу мүмкін емес. Иіс қолқаны қабады. Ал фабрикаға қарсы беттегі тұрғындар жағымсыз иістен жылдар бойы зардап шегіп келеді. Қазір бұл бау-бақша серіктестігінде 10 мың адам тұрып жатыр.
Маруся Бердаутова, тұрғын:
Құс фабрикасының иісі бізді отырғызбайды. Таза ауа дегенді мүлдем ұмыттық. Біздің үйімізге тиіп тұр. Трассаның ар жағында бір 100 метрдей жер болар. Көріп тұрсыздар. Мына иістен құтқаруларыңызды сұраймыз.
Шағым айтқан тұрғындар қала іргесінде 10 шақты жылдан бері тұрып жатыр. Бұл аумақ әу баста бау-бақша серіктестігі боп құрылғанмен, қазір қалың қонысқа айналған. Содан бері мөңкіген иіс жұрттың мазасын алып келеді.
Күләш Дүйсенова, тұрғын:
Терезе-есік аша алмаймыз. Кішкентай бала-немерелеремізді есік алдына, сыртқа таза ауаға шығарып, ойната алмаймыз да. Иіс балалардың, өзіміздің киімімізге сіңіп қалады сыртқа шықсақ. Ауа жұта алмаймыз.
Құстың саңғырығы полигоннан бөлек, одан 500 метр аумақта тау-тау боп үйіліп жатырБірақ бұл қалдық емес, тыңайтқыш деп түсіндіріпті фабрика басшылығы.
Асылбек Кабесов, «Зачаган» бау-бақша серіктестігінің төрағасы:
Шаруа қожалығының жерін тыңайту бағытында төгіп жатырмыз деп айтады. Бірақ келіп-көріп тұрғандай мынандай етіп тыңайту деген дұрыс емес пе деп ойлаймыз. Нақты талап – осы құс нәжісін шығаратын орынды өзгертіп, қаладан қашық жерге орналастырса дейміз.
Кәсіпорын 2003 жылы ашылған. Бұл мәселе содан бері жылда көтеріледі. Алайда түйіткілдің түйіні тарқар емес.
Степан Сироткин, «Орал құс фабрикасы » ЖШС директоры:
Иісті кетірудің ең тиімді әдісі – тірі бактериялар. Біз «экобактор» деп аталатын дәрілік зат арқылы қалдықтарды табиғи жолмен тыңайтамыз. Әрі иісін жоямыз. Мұны былтырдан қолдана бастадық. Ал қазіргі өткір иіс бұрынғы қалдықтарды басқа аумаққа көшіру кезінде шығып отыр.
Фабрика ескі полигонды қырып тазалауға 3 ай уақыт сұрап отыр. Сосын жаңасын саламыз дейді. Ал қала әкімдігінің өкілі құс фабрикасына жер берілетінін айтты. Бірақ қашан, қай аумақтан екені нақты белгісіз.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ