Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының 70%-ы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының 70%-ы тозған

31.05.2019

Ескі техникамен жер жыртып, дән сеуіп, мол өнім аламын деп дәмелену бос әурешілік. Дегенмен, агро саланы дамыту – мемлекеттің маңызды бағыты. Сол себепті отандық, я болмаса шетелдік трактор-машиналарды алу үшін, шаруаларға теңдей жеңілдік жасалды.

Құрал-сайманы сай болса, диқанның көңілі жай болады. Абай Медеубаев та техникасын жаңалап алды. Ол төрт себу кешеніне қол жеткізді. Әр қайсысының құны – 130 миллион теңгеден астам. Оның 25%-ын мемлекет субсидиялайды. Қосымша жеңілдіктері де бар.

Абай Медеубаев, диқан:

Бұрын 9 трактор болған. 3 мың гектар егін егетінбіз. Қазір мынау екі механизатор, 1 трактор өзі 3 мың гектар егін егеді. 25% субсидия беріп жатыр, жерді тыңайтуға 45-55%, дербицитке 35-45% субсидия аламыз. Бұл фермерлерге өте қажетті көмек.

Техниканы тізгіндеген механизатор да мол өнімнен үмітті. Биыл 1 гектардан 15 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр. Өйткені машина бірнеше қызметті қатар атқарады.

Мереке Зейноллаұлы, механизатор:

Мынау бидай салатын бөшкелері 6 мың метрлік, мынау тыңайтқыш салынатын 4 мың метрлік. Өзі жыртады, өзі себеді. Осы бөшкелерден тыңайтқыш түседі, дәрісі түседі, 12 метрді қамтиды. Бұрынғы ескі тракторларда 35-40 гектар берсе, бұл 85-90-100 гектарға дейін өнім береді.

Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының 70% ескірген. Қазір егіс алқаптарында 142 мың трактор, 38 мың комбаин, 4 мың себу кешені және 78 мың тұқым сепкіш жүр. Барлығы 17 жылдан артық пайдаланылған, тозығы жетіп тұр,- дейді шаруалар.

Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ техникалық жабдықтау басқармасының басшысы:

Министрліктің жоспары 2021 жылға дейін 6%-ға дейін техниканы жаңарту деңгейін көтеру. Қазір 3,5% боп тұр.

Диқаншы Абай да тыңайтқыш пен техникасыз агро саланың тұралап қалатынын айтып отыр. Ал осындай қолдау болса егін ору науқаны олжалы болмақ. Сондықтан мемлекет шаруларды соңғы үлгідегі әрі сапалы машиналармен қамту үшін 70 миллиард теңге бөлді.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу