Қостанай облысында көктемгі егіс науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында көктемгі егіс науқаны басталды

29.05.2019

Қостанай облысында көктемгі егіс науқаны басталды

 Биыл диқандар 4 миллион гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар егеді. Оның 3 миллион 400 мың гектары бидай. Егістікке мемлекет тарапынан биыл 1 миллиард 300 миллион теңге субсидия бөлінген. Алайда, бұл қаржы тек сапалы тұқым салып, тыңайтқыш сеуіп, алқабын ерекше күтімге алған шаруаларға ғана беріледі.

Боранбай Тілеубаев  40 жылдан астам уақыт несібесін қара жерден теріп келе жатқан кәнігі механизаторлардың бірі.  Ол еңбек ететін Садчиков ауылындағы шаруашылықтың егістік алқабы 11 мың гектардан асады. Соның тең жартысына мал азығы өсіріледі.  Диқандар қазір арпа егіп жатыр.

Боранбай Тілеубаев, механизатор:

Таңертең сағат жетіде басталады жұмыс. Күндік норма 35 гектар. Біз сол норманы 40-50 гектарға дейін жеткізіп орындаймыз. Сағат 11-12-ге дейін жұмыс істейміз.

Төккен тер мен кеткен шығынды ақтайтындай өнім алу үшін  барлық жұмысты мерзімінде орындау маңызды. Сондықтан шаруалар ашық күнді тиімді пайлануға тырысады.   Себебі топырақ ылғалы азаймай тұрғанда дән толық себіліп бітуі тиіс.

Ерлан Жетімеков, агроном:

 Былтыр осы алқапта бидай болды. Гектарына 12 центнер өнім алдық. Ылғал онда 1 метр болған. Биыл аз. Сондай өнім алу үшін тағы 10 милиметр ылғал керек бізге.

Өнімнің мол болуы тұқым сапасы мен алқаптың күтіміне де байланысты. Сондықтан мемлекет субсидиялау тәртібін өзгертті. Енді қайтарымсыз қаржы тек тыңайтқыш сеуіп, топырақты баптап,  жоғары сұрыпты тұқымды пайдаланғандарға ғана беріледі.

Нұрсұлтан Қабделов,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Элита немесе бірінші репродукция алған шаруашылық тұқымды тегін алады. Сосын тұқым шаруашылығы бізге өтінім жазады, осындай шаруашылық бізден осындай көлемде тұқым алды деп. Сосын Үкімет оның 70 %-ын қайтарады.

Ал қалған 30%-ын жиын-теріннен соң шаруа өз қалтасынан қайтарады.  Қазірдің өзінде  диқандар  алған жоғары сұрыпты тұқымға мемлекет тарапынан 560 миллион теңге төленген.  Сонымен қатар Қостанай облысына Үкімет литрі 183 теңге тұратын 71 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөліп отыр. Бүгінде оның 46 мың тоннасы шаруаларға жеткізіліп берілді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу