Жезқазғанда көпбалалы 10 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда көпбалалы 10 отбасы баспаналы болды

24.05.2019

Қоныс тойы иелерін мысты шаһарға жұмыс сапарымен арнайы барған еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Ерлан Қошанов құттықтады. Баспана алғандардың бірі - Салтанат Нұрланова. Жалғызілікті ана 10 жыл үй кезегінде тұрған. Бұған дейін алты баласымен қонақүйдің бөлмесін паналап келіпті. Бүгін оған 4 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.

Салтанат Нұрланова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

 - Ораза айында осындай 4 бөлмелі, кең сарайдай үйге қол жеткізіп жатырмын. Алғысым шексіз. Әрқашанда осы үйден баланың үні кетпесін.

Компания келешекте 120 жанұяны үймен қамтымақ. Алғашқы пәтер кілттері бүгін салтанатты жағдайда табысталды. Бұған қоса жұмыскерлерге көптеген әлеуметтік жеңілдіктер жасағалы отыр.

Бақтияр Қырықпышев, «Қазақмыс» ЖШС бас директоры:

- Бізде 1200-ден астам көпбалалы отбасы бар. Солардың ішінен ең мұқтаж деген отбасыларға кезең-кезеңімен пәтерлер беретін боламыз. Жылдың аяғына дейін тағы 10 пәтер береміз.

Бердібек Сапарбаев осыдан соң құрышты қала Теміртауға да келіп, металлургиялық зауыт ұжымымен кездесті. Қаңтар айынан бастап жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға өскен. Өндіріс қарқыны да артқан.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу