Алматы метросындағы кептеліс мәселесі қашан шешіледі?
Алматылықтар қара жердің астына сыймай барады... Кең дүние тар болып, жердің бетіндегі кептелістен құтыла алмай жүрген жұрт енді жер астында да ұзын-сонар кезекке тап болған. Метроның есігі ашылғанымен, вагонға кіру мұң екен. Қара құрым халықтың сыймағаны келесі пойызды күтеді. Ал ішке иін тіресіп ентелей енгендердің өзі діттеген бағытқа езіліп-жаншылып әрең жететінге ұқсайды. Бір кездері уақыт үнемдеудің ең тиімді жолы саналған метро бүгінде жолаушыға лық толы. «Тастаған тақияң жерге түспейтіндей екен» деуші еді мұндайда үлкендер. Биыл күз келісімен-ақ, жолаушылар легі 73 пайызға бір-ақ көбейген. Бірақ қара аспанды төндірді демеңіз, негізгі қарбалас таңғы және кешкі уақытта байқалады.
Алматыдағы қара нөпір халықтың күнде көретін көрінісі осы. Сеңдей соғылысып, вагондарға әзер кіреді. Лық толы. Бір станциядан мінген жолаушы келесі бекетке бүктетіліп жетеді. Кейбірі сыймай, келесісін күтуге мәжбүр. Ал есік ашылғанымен, ішке енудің өзі екіталай.
Статистика былай дейді. «Сарыарқа» мен «Бауыржан Момышұлы» станциялары ашылған кезде тәулігіне 120 мың жолаушы тасымалданады деп жоспарланған. Алайда бүгінде бұл көрсеткіш 130 мыңнан асып, кей күндері 138 мыңға дейін жетеді. Тамыз айымен салыстырғанда жолаушылар саны 73 пайызға артқан.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Кешкі сағат 19:00-ге 10 минут қалғанда «Абай» станциясына келдік. Небәрі 10 минуттың ішінде 100 шақты адам метроның ішіне қарай ағылды. Қазір төмендегі ахуалды бірге көрейік.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Біз де «Абай» бекетінен «Байқоңырға» қарай беттедік. Қазір жолаушылардың өздерінен сұрап білейік. Қалай келе жатыр екен?
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Ақырғы аялдама – «Бауыржан Момышұлы» бекетіне де жеттік. Бірақ жетудің өзі мұң болды. Жолаушылар қысылып, зорға жетті. Ал қазір олар мына эскалатормен жоғары көтерілу үшін де кезек күтуге мәжбүр.
Жолаушылар саны артқанымен, пойыздар саны әзірге өзгерген жоқ. Метрополитен басшылығы қолда бар мүмкіндікті барынша пайдаланып отырғанын айтады.
Деподағы 15 пойыздың 14-і күн сайын желіге шығады, біреуі резервте тұрады. Таңғы 6:54-тен 09:12-ге дейін және 16:00-ден 19:50-ге дейін 9 электр пойызы 6 минут 54 секунд интервалмен жүреді. Ал қарбалас уақытта деподан тағы 5 пойыз қосылады. Бұл кезде пойыздар арасындағы уақыт 3 минут 27 секундқа дейін қысқарады. Соған қарамастан, жолаушы легі көп. Таңғы сағат 7 мен 9 аралығында сағатына 11 мыңға дейін адам тасымалданады. Кешкі қарбалас уақытта бұл көрсеткіш сағатына 9 мың жолаушыға жетеді. Ал күндіз жолаушылар ағыны азайып, вагондарда бос орын жеткілікті болады. Бірақ халық нөпірі көп кезде пойыздар арасындағы уақытты бұдан әрі қысқарту әзірге мүмкін емес.
Алмас Қыдырәлиев, «Метрополитен» КМК қозғалыс қызметінің басшысы:
Соңғы жылдары Алматы қаласында басқа өңірден келген студенттер өте көп. Сондықтан біздің жоспарымыздан енді 10 мың артық жолаушыны таситын болдық. Қазіргі таңда 15 құраммен біз жиілігін қысқарта алмаймыз. Ол 3 минут 27 секундтан төмен болмайды. Енді болашақта жаңа құрамдар келген кезде, өзіміздің жүру кестесін туралаймыз.
Демек, метроның өткізу мүмкіндігіне шектеу қойып отырған басты фактордың бірі – пойыз саны. Метрополитен алдағы үш жылда қосымша 10 электр пойызын сатып алуды жоспарлап отыр. Оның екеуі биыл, үшеуі келесі жылы, қалған бесеуі 2028 жылы жеткізілмек. Алайда жаңа пойыздардың келуі де мәселені бірден шешпейді.
Алмас Қыдырәлиев, «Метрополитен» КМК қозғалыс қызметінің басшысы:
Қазіргі жоспарда «Қалқаман» бекеті 2026 жылдың аяғына дейін ашылады деп жоспарлап отырмыз. Оған дейін жаңадан келген екі жылжымалы құрам техникалық дайындықтан өтуі керек, бізге келгенімен. Оны жобалап, сол 2027 жылдың бірінші кварталының аяғына дейін бітірсек, іске қоса аламыз.
Дегенмен қосымша пойыз берілсе де, қаланың жер үстіндегі кептеліс реттелмейінше, метродағы жолаушы саны азаймайды. Урбанистер мәселені шешу үшін метромен қоса, автобус, троллейбус, жеңіл рельсті көлік бағыттарын біртұтас жүйеге біріктіру қажет деп есептейді.
Гүлмира Байғабылова, урбанист:
Бұл мәселені шешу үшін көлік жүйесін кешенді түрде дамыту қажет. Мәскеу, Лондонда және Германияның барлық қалаларында автобус, метро, трамвай мен LRT бағыттары өзара үйлестірілген. Соның арқасында жолаушылар бір көліктен екіншісіне кедергісіз ауыса алады. Алматыға да осындай жүйелі тәсіл қажет.
Иә, қалада қоғамдық көлік бағыттарын өзара байланыстыру көзделген. Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында метроның үш желісін кеңейту қарастырылған. Бірінші желі «Барлық» базары мен Алматы-1 вокзалына дейін, екіншісі әуежайға, үшіншісі «Орбита» шағынауданынан Алатау қаласына дейін созылады.
Жанат Айтілеу, «Алматы Бас Жоспар» ҒЗИ бөлім басшысы:
Әрине, қазіргі уақытта метроның құрылысы баяулау жүріп жатыр. Егер тезірек салып бітсек, тезірек қалаға пайдалы болады. Халықтың саны 2040 жылға дейін есептелді ғой. Ол кезде үш миллион алты жүз мың халық болады. Сондықтан бұлардың көліктің, қоғамдық көліктің бәрі керек болады. Метро желілері, жаңа LRT, BRT желілері және кәдімгі қазіргі кезде пайдаланып жүрген автобус желілері де бәрі керек болады.
Көлік мәселесін шешуге бағытталған жобалар мұнымен шектелмейді. Биыл құрылысы басталған LRT желісі Алматы-2 вокзалы арқылы әуежайға дейін созылады. Сонымен қатар, қоғамдық көлікке арналған жолақтар көбейіп, қалаға кіреберістерде арнайы тұрақтар салынады. Бұл бастамалар жүзеге асса, жолдағы жүктеме азайып, күн сайын қоғамдық көлікті пайдаланатын 1,5 миллионнан астам алматылықтың қатынауы жеңілдей түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы