Жекеменшік балалар орталықтарына Face ID не үшін?
Бала үйірмеге бармаса да, мемлекет оған ақша төлеп отыр ма? Осы аптада Астана әкімдігі мен қаладағы кейбір жеке орталықтар арасында келіспеушілік туды. Себебі Астанадағы қосымша білім беру және балаларды дамыту орталықтарына енді цифрлық бақылау күшейтілмек. Үйірмелерге баланың нақты келіп-келмегені Face ID арқылы анықталмақ. Осылайша, әкімдік мемлекет қазынасынан бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын бақылағысы келеді. Өйткені қағазға жүздеген бала тіркегенімен, іс жүзінде ондаған оқушыны ғана қамтып, бюджеттің бүйірін басып қалуға тырысатындар көп. Соңында ақша әр баланың болашағына емес, бақылаудағы олқылықты пайдаланып, қалтасын қампайтып үйренгендерге кетеді. Кезінде «Артспорт», «Даму бала» бағдарламаларының басынан да осындай дау арылмай қойған. Мемлекеттің миллиардтаған теңгесі заңсыз игеріліп, ұрланғаны анықталып еді. Бұл жолы да Face ID жүйесіне қарсылық танытып жатқан кәсіпкерлер жетерлік.
Қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша әр үйірмеге балалар үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Бірақ сол ақша үйірмеге бармаған оқушы үшін де жұмсалып жатса ше? Астанада осыны білу үшін балалардың сабаққа қатысуы Face ID арқылы анықталмақ. Өйткені кейбір білім беру мекемелерінің оқушыларды қағаз жүзінде ғана тіркеп, ақша үшін бала санын көп қылып көрсеткені мәлім болған.
Дидар Байтасов, Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
Балалардың сабаққа қатысуын жекелей қадағалау қажет. Тіпті басқа өңірден тіркелген фактілер де болған. Бұл мемлекеттік қаржыландырудың әрбір балаға толық жетуін қамтамасыз етеді.
Осылайша, баланың үйірмеге келгені, ғимаратқа кіргені Face ID-мен көрінеді. Ол жалған есеп беру мен табельді өтірік толтыруға жол бермейді. Дегенмен кей кәсіпкерлер жаңа жүйеге келіспейді. Олардың сөзінше, ата-аналар жеке деректердің қауіпсіздігіне алаңдайды. Деректер шетелге таралып кете ме деп қорқады. «Сондықтан бізге мемлекеттік компания орнатып берсін», – дейді. Ал әкімдік өкілі бұл жүйе техникалық сынақтан өтіп, талаптарға сәйкестігі расталған, дербес деректерді қорғау заңмен реттеледі, – деді.
Дидар Байтасов, Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
Барлық жүйені орнату барлығы ҚР-ның дербес деректерді қорғау заңы негізінде жүзеге асырылады және оны жүзеге асыратын кісілердің жауапкершілігі бар. Серверлік орындардың барлығы Қарағанды қаласында орналасқан.
Әкімдіктің сөзінше, бұл пилоттық жоба. Сондықтан оны орнату үшін кәсіпкерлерден ақша сұралмайды. Заңгер Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, пилоттық жоба аясында жеке компания қызметін меморандум негізінде ұсына алады. Сондықтан кәсіпкерлердің «мемлекеттік жүйе ғана орнатылуы керек» деген талабы міндетті құқықтық шарт саналмайды.
Нұрсұлтан Орынбек, заңгер:
Мемлекет қана орнатып берсін деген талап орынсыздау. Себебі бізде қолданыстағы қазір фейс-айди, жаңағы арнайы жүйелер барлығы толық мемлекеттің балансындағы нәрсе емес. Мемлекет те орындаушыларды ашық көзден алады. Жеке деректердің қолды болуына қатысты да қорқыныш негізі сейілуі керек. Қазіргі таңда сол фейс-айди әрбіріміздің үйімізде тұр. Мектебімізде тұр.
Бұл жүйе Астанадағы қосымша білім беретін 2 мекемеге қойылған. Сәуір айынан бері істеп тұрған жүйеге қатысты мұндағы ата-аналар былай дейді.
Меруерт Әлімқожа, Астана қаласының тұрғыны:
Face ID-дың басты артықшылығы деп бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесін айтар едім. Екіншіден, жүйенің жұмысына қатысты шағым жоқ.
Қалалық әкімдік жыл соңына дейін 600 ұйымды электронды бақылауға көшіп, 40 мыңнан астам баланы жүйеге тіркемек. Осылайша, баланың сабаққа нақты келгені қадағаланады.
Айгүл Орынбек, заңгер:
Қарсы болып жатқандар – мемлекеттің қаражатын заңсыз алып, игеріп отырған азаматтар. Егер өз кәсібіне, өз ісіне сенімді кәсіпкерлер болса, бұдан қашпауы керек. Мен ғимаратты көрем, сыртының бәрі балабақша, мектеп деп қойған. Алайда ол жерге кіріп жатқан баланы, ата-ананы көрмедім. Балабақшалардың ішінде тіпті бала болмаған. Олар жай ғана балабақшаны ашып қойып, мемлекеттен қаржы алып отырған.
Кейбір ұйымдар бір баланың атына бірнеше жерден ваучер рәсімдесе, кейбірі ата-аналардың электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланған.
Нұрсұлтан Орынбек, заңгер:
Бір ЖСН-мен ваучер алған компания балаларды өзара алмастырады. Яғни, сізде ваучер бар, менде ваучер бар ұйым ретінде, ал көрші бала маған емес, сізге барып жүреді. Ол маған жақынырақ қой, маған келе берсін, мен саған бір баламды берем деген секілді. Ата-ананың ЭЦҚ-сын ваучер алатын компаниялар өзіне алып-алып, қосымша ақы беріп, сізге тек ЭЦҚ-ңызды берсеңіз, мен сізге балаңызды тіркеп қоям, сіз маған емес, мен сізге ақы беремін деген секілді айла көп.
Демек, Face ID мемлекеттік қаржының нақты қайда, қалай жұмсалып жатқанын көрсететін бақылау тетігі.
Ләззат Қожахметова, ҚР Құрылтай депутаты:
Face ID орнату қаншалықты бюджет қаражатын үнемдейді дегенге келетін болсақ, енді ашық дерек көздерінде 15–20 млрд теңге көлемінде қаржы үнемделді деп жазып жатыр. Егер енді Face ID міндеттелетін болса, яғни жекеменшік ұйымдар ғана емес, ата-аналар да жауапкершілік алады. Себебі балаларын себепсіз қалдырмайтын болады.
Face ID арқылы жиналған мәлімет тек бүгінгі есепке емес, ертеңгі жоспарға да қажет. Қай үйірмеге сұраныс көп, қай бағытта орын жетіспейді, қанша балаға ваучер керек? Мұның бәрі нақты деректермен айқындалады. Әрине, әрі баланың жеке дерегі де, кәсіпкердің құқығы да қорғалуы тиіс. Бірақ мемлекеттік қаржының да әр тиыны есепке алынуы керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы