Ақаба процесі алғаш рет Астанада ұйымдастырылды
Осы апта соқталы, сүбелі оқиғаларға толы болды. Алдымен, бай бейсенбіде ресми сапармен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн астанамызға ат басын бұрды. Араб түбегінен Арқа төсіне арнайы келген мәртебелі мейманды әуежайдан Президенттің өзі күтіп алды. Король елімізге осымен тоғызыншы рет келіп отыр. Араларына тікен өскен Араб әлеміндегі ахуал, Таяу Шығыстағы тоқтаусыз текетірес жаһандық саясаттың жарасына айналған тұста Астана мен Амманның ортаға салып ойланар мәселесі аз емес. ІІ Абдалла Иорданияны ширек ғасырдан аса уақыттан бері басқарып келе жатыр. Тегі де тегін емес. Мұхаммед пайғамбардың 41-ші тікелей ұрпағы саналады. Мұқым мұсылманмен де, Батыс блогымен де байланысы бекем. Арнайы жасақ басқарған генерал екен. Қысқасы, Шығыс пен Батыстың тілін тапқан билеуші. Демек, Қазақстан үшін Амманмен ынтымақты нығайту тек араб әлемімен байланысты кеңейту ғана емес, үлкен саясаттағы диалогты тереңдетудің де мүмкіндігі. Осы тұрғыдан алғанда, Корольдің бастамасымен құрылған Ақаба процесінің алғаш рет Астанада ұйымдастырылуы Қазақстанның өңірлік қауіпсіздік мәселелеріндегі дипломатиялық рөлін кеңейте түседі. Бұған дейін негізінен терроризм мен экстремизмге қарсы күреске басымдық берген халықаралық алаңның бұл жолы жасанды интеллект қауіпсіздігін талқылауы да кездейсоқ емес. Себебі технология дамыған сайын қауіптің де сипаты өзгеріп, жалған ақпарат тарату, радикалды идеологияны насихаттау және кибершабуыл ұйымдастыру мүмкіндігі күбірткедей асқынып, күрделене түсті. Ал екіжақты қатынастағы басты міндет – жоғары деңгейдегі саяси сенімді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Былтырғы өзара сапарлар кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар сауда, инвестиция, технология, қорғаныс және туризм салаларындағы ынтымақты кеңейтуге негіз қалады. Ендігі сол келісімдер іс жүзінде орындалуы керек. Ақордадағы тағы бір деталь. ІІ Абдалла жоғары мемлекеттік награда – әл-Фараби атындағы орденнің алғашқы иегері атанды. Бұл – Шығыс өркениетінің ортақ рухани мұрасын арқау еткен дипломатиялық ишара ғана емес, екі ел арасындағы саяси сенімнің жоғары деңгейін танытатын белгі.
«Ораздының отыз қонағы бір келеді» дегендей, Астананың ақ ниеті ғой, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да елімізге үш күндік ресми сапармен келіп кетті. Ақорда сән-салтанатымен қарсы алды. Екі президент кең құрамда келіссөз жүргізіп, өңірлік қауіпсіздіктен бастап, экономикалық ынтымаққа дейінгі ауқымды мәселелерді талқылады. Қазақстан бүгінде Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің бірі. Биыл 9 айда екі елдің тауар айналымы 26 пайызға өсіп, 1 млрд доллардан асты. Ендігі меже – осы көрсеткішті екі еселеп, 2 млрд долларға жеткізу. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі арнайы жол картасы қабылданды. Әйткенмен алыс-берісті арттыру үшін бір-біріне тауар сатумен шектелу жеткіліксіз. Ортақ өндіріс орындарын ашып, жүк тасымалын ұлғайтып, көлік дәліздерінің мүмкіндігін кеңейтпесе болмайды. Былтыр екі ел арасындағы автомобиль және теміржол арқылы өткен жүк көлемі 7 миллион тоннаға жуықтады. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасы 600 млн долларға таяған. Ақордадағы келіссөздің нәтижесінде жалпы 14 құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы