Басты Жаңалықтар «Халықтық құрылыс»: 1,5 трлн теңгеге 262 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ

«Халықтық құрылыс»: 1,5 трлн теңгеге 262 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ

Мұқым ел аумағын ауқымды құрылыс алаңына айналдыру үшін алдағы үш жылда Ұлттық қордан қомақты қаржы жұмсалатыны аңдатылды емес пе? Әлгі 6,5 трлн теңгені айтып отырмыз. Соның алғашқы траншы бөлініп қойыпты. 497 млрд теңгеге 122 жобаның құрылысы әне-міне басталғалы тұр. Ал осы жартыжылдықта жалпы 1,5 трлн теңгені игеру көзделіп отыр. Ол сомаға ұзын саны 262 әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым салынатыны құжат жүзінде мақұлданып үлгерген. Қарқын қатты, әйтеуір. Жоспардағыны жіліктеп көрсетейікші. Әуелі денсаулық сақтау саласы. Аурухана, емхана, перзентхана атаулыны салуға 344 млрд тг жұмсалмақ. Бас-аяғы – 41 жоба. Мәдениет, туризм мен спортқа қатысты нысандарға 266 млрд тг бөлінеді. Осы қаржыға спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар мен өзге де ғимараттар салынады. Бәрін қосқанда – 23 жоба. Білім беру саласындағы 28 нысанға 101 млрд тг қарастырылып отыр. Енді жол мен желіге келейік. Көлік инфрақұрылымына – 369 млрд тг, су саласына 284 млрд тг бағытталмақ. Ал жылу мен газ желілерін дамытуға 136 млрд тг қарастырылған. Осы екі бағыттың өзінде 67 жоба бар. Аңдасақ, қай-қайсы да халықтың тұрмыс сапасын арттырып, тыныс-тіршілігін жеңілдетуді көксейді. Бағдарламаның өзі «Халықтық құрылыс» деп бекер аталмаса керек.

Бөлісу