Әуежайдан зауытқа дейін: Қазақстанда қандай нысандар салынып жатыр?
Иә, 6,5 трлн тг. Қыруар қаражат. Мұны естіген құрылыстың құлағын ұстаған небір пысық алақандарын ысқылай бастағаны шүбәсіз. Бірақ алмақтың да салмағы бар. Ысырапқа жол берілмейді. Триллиондар үкіметтің қатаң бақылауында болады, – деді бірінші вице-премьер. Қызылорда облысында құрылысты қайнатып, айналасын жайнатып келген Нұрлыбек Нәлібаев қызметі үкіметке ауысқалы осы аптада алғаш рет баспасөз мәслихатын өткізген. Әріптестерімнің алдына бір топ жауапты министрді ерте барыпты. Олар не айтты, жоспарлары қалай, оны біздің тілші Нұрсұлтан Тілектес те тыңдап қайтқан. Сөйтіп, жаңа көлік мінгісі келетіндерге сүйінші жаңалығын ала келді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі ендігі жылдан темір тұлпарлар арзандай түсуі мүмкін депті сол жиында.
Батыстағы кербез Кендірлі. Шығыстың шырайлы Зайсаны. Екі әуе айлағының да құрылысы биыл аяқталады. Кендірлі елімізді Әзербайжан, Өзбекстан және Ресеймен байланыстырса, Зайсаннан Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Қанас көліне рейстер ашылады.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Жылдың соңына Зайсан ауданындағы әуежайдың құрылысын аяқтаймыз. Ал Қатонқарағайдағы әуежайды келесі жылдың ақпан айында ел игілігіне табыстаймыз. Ал Кендірлідегі әуежайдың да құрылысын жылдың соңына дейін аяқтап, ел игілігіне табыстаймыз.
Аралдан таңертең шыққан жолаушы кешке Ақтауға жетеді. Бұрын жолаушылар бұл қашықтықты екі-үш күндеп еңсеретін. Алдағы бір-екі жылда Арал – Каспий автожолы мен Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жаңа магистральдің құрылысы аяқталады. Бұрын-соңды болмаған бұл жобалар елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, елімізде биыл 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Енді осы жолдармен жүретін көлік саны да күрт өсуі мүмкін. Өйткені елде темір тұлпар бағасы арзандайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің сөзінше, соңғы айларда Қазақстанда автокөлік құны 11 пайызға дейін төмендеген.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Мен бағаның төмендеп жатқанын байқап отырмын. Соңғы айларда Қазақстанда шығарылған көліктердің құны шамамен 11%-ға арзандады. Оның үстіне, қазір жеңілдіктер болып жатыр. Жыл соңына қарай былтырғы көліктер былай тұрсын, биыл шығарылған модельдердің өзіне сұраныс төмендейтінін ұмытпаған жөн. Сондықтан менің ойымша, баға тағы да арзандайды.
Енді халықаралық автодәліздер туралы. Жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамытуға баса мән берілмек. Жанармай құю бекеттері, әжетхана, дәмхана, қызмет көрсету орталықтарының саны артады. Мұның бәрі еліміз арқылы өтетін жүк көліктері үшін жасалып отыр. Мақсат белгілі. Транзиттік әлеуетті арттыру керек.
Еліміз тоғыз жолдың торабында жатыр. Батыс пен шығысты жалғаған алтын көпір іспетті. Еуропа мен Қытай арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің ел арқылы өтетінін ескерсек, енді Моңғолия да өз өнімін қазақтың кең сахарасын кесіп өтіп, Орта Азия елдеріне жеткізгісі келеді. Қазір арада қос мемлекетті жалғайтын тікелей автожол төселіп жатыр. Жобаны Қазақстан, Ресей және Моңғолия тізе қосып іске асырады.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:
Қазақстан тарапынан 60 шақырым жолды жөндеу керек, Ресей бойынша 120 шақырым, Моңғолия бойынша 90 шақырым. Сол жолдарды іске асыруға біз жақтан қаражат бөлініп, келесі жылы істеледі. Ресей жағынан бюджетке Алтай өлкесі енгізеді, Моңғолия да өз тарапынан жұмысын жасап жатыр. Келесі екі жылдың ішінде осы жұмыстарды атқаратын боламыз.
Айтпақшы, бізде төртінші мұнай өңдеу зауыты да салынады. Әзірге кәсіпорын құрылысына Маңғыстау, Атырау және Ұлытау сынды үш өңір үмітті. Жобаны 2033 жылға дейін іске қосу жоспарланған. Сәтін салса, жылына 10 млн тонна қара алтын өңдеуге күш-қайрат жетпек. Одан бөлек, жылына Ақтөбеде қуаты орташа мұнай өңдеу зауыты ашылады. Жылына 2 млн тонна өнім өндіруге бекінген кәсіпорын ішкі нарықты және Орталық Азия елдерін қара алтынмен қамтуға бейілді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Жалпы, жыл соңына дейін елде 200 кәсіпорын іске қосылмақ. Мақсат – отандық өндірісті дамытып, импортқа тәуелділікті азайту. Бірақ енді экономикаға оң әсер беретін, нарықта сұранысқа ие жобаларға ғана қолдау көрсетіледі.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Басты мақсат – импортқа тәуелді болмай, өзіміздің өндірістік мүмкіндіктерімізге сүйену. Мемлекеттік қолдау ел экономикасына барынша оң әсер беретін жобаларға көрсетіледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау әдістемесін бекітті. Енді әрбір жаңа жоба нарықтағы сұранысқа, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының жүктемесіне және жер ресурстарының қолжетімділігіне қарай қаралады.
Әрі келіскен жаңа әуежайлар, теп-тегіс жолдар, қуатты өндіріс ошақтары. Қазақтың қаласы мен даласында құрылыс қайнаса, елдің де арқа-басы кеңіп, экономиканың еңсесі тіктеле беретіні анық. Бір дүние көңілде – атқамінерлер атаған жобалар құр қағаз жүзінде қалмай, қара орман халықтың қамын шешсе болғаны. Өйткені сандар – сылдыр сөзбен емес, сындарлы іспен өлшенеді емес пе?!
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы