Басты Жаңалықтар Qarmet компаниясы былтыр 1,1 трлн теңге түсімге қол жеткізді

Qarmet компаниясы былтыр 1,1 трлн теңге түсімге қол жеткізді

Қазан мен қараша ат алмастырған тұста Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Дәлірегі, қара металлургияның қайнаған ошағы Теміртауға. Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың «Теміртауда алтын күз. Жып-жылы... Желсіз, тымық, маужыр сәт. Көк жүзінде қимылсыз қалқыған ақша бұлт» деп суреттейтіні бар. Президент дәл сондай мезгілде барып отыр. Сарыарқаны ен жайлаған елдің үлкендері Теміртауға дейін қалашықтың аты уақытында Самарқан деп аталғанын айтады, естіп пе едіңіз?! Жанында самалы ескен Самарқан көлі жатыр. Үлкен су қоймасы. Қаныш Сәтбаевтың өзі соқтырған. Сол қалашық бүгінде темірі термен балқыған қайратты қалаға айналды. Хош. Теміртаудың бүлкілдеп тұрған жүрегі – Qarmet компаниясы. Қасым-Жомарт Тоқаев қалаға барған бойда трамваймен жүріп көрді. Шойын жолы шоқпыттай тозып кеткен еді кезінде. 30 шақырымы қалпына келтірілген. Бүгінде өңі кіріп, өңірдің тіршілігін қыздырып тұр. Сере сауырлы бестідей су жаңа 8 вагон жүйткіп жүр. Қоғамдық көлік екі жылдан бері 1 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаған. Жарайды. 3 жыл бұрын шахтадағы жойқын апаттан кейін шетелдік инвестордың қолынан отандық кәсіпкерге өткен еді осындағы комбинат. «Карметті» айтамыз. Қазір 35 мың адам тырбанып, еңбек етіп жүр. Кезінде миллиардтаған шығынға батқан өндіріс былтыр 1,1 трлн теңге түсімге қол жеткізіп, таза пайдаға шыққан. Айтпақшы, Теміртаудың болаты ертең атом электр стансасының құрылысына да пайдаланылуы мүмкін. Ол үшін жылына 540 мың тоннадан астам өнім шығаратын жаңа сұрыпты прокат кешені бой көтеріп жатыр. Мұнда беріктігі жоғары арматура өндіріліп, сырттан тасылатын құрылыс материалының орнын отандық өнім баспақ.

Бұл қуанатын жағдай. Жалпы, ел экономикасында өсім бар. Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 398 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш, – деді Президент. Енді жаға болып, жең болып, тұтас ел болып, «Халықтық құрылысқа» мән береміз. Елдің түкпір-түкпірінде жолдар, мектептер, ауруханалар, электр стансалары мен өзге де әлеуметтік нысандар салынып, ескісі жаңғыртылады. Ал осы құрылыстың қазығы қағылып, қабырғасы қаланғанда Теміртаудың теміріне де сұраныс артпақ.

Бөлісу