Павлодар облысына Нұр-Сұлтан қаласынан көпбалалы 35 отбасы көшіп барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысына Нұр-Сұлтан қаласынан көпбалалы 35 отбасы көшіп барды

23.05.2019

Олардың әрқайсысына жаңа салынған көпқабатты үйден 3 бөлмелі пәтер берілді. Бұл – «Нұрлы Ертіс» аймақтық бағдарламасының игілігі. Ең бастысы қоныс аударған тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал,  балабақша – тегін.

Нұр-Сұлтан қаласынан қоныс аударған ағайын Екібастұз қаласының қақ ортасындағы бес қабатты мына үйден баспана алып жатыр. Бұл – «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша салынған үй. Әзірге 35 отбасы  3 бөлмелі пәтерлерге ие болды.

Рауан Сейілханұлы, жаңа пәтер иесі:

Үй береміз, жұмыспен қамтамасыз етеміз дегеннен кейін еш ойланбастан бірден келуге шешім қабылдадық. Менің 4 балам бар. Осының алдында Нұр-Сұлтан қаласында жалдамалы пәтерде тұрдық. 11 жылдай жалдап тұрдық.

Рауан Сейілханұлы өз мамандығы бойынша жылу-электр стансасына жұмысқа орналасты. Ол ғана емес, қоныс аударушылардың бәрі еңбекпен қамтылады. Эльза Қайырбайқызы – 4 баланың анасы. Нұр-Сұлтан қаласында медбике қызметін атқарған.

Эльза Жұматаева, жаңа пәтер иесі:

Кілтті алып, бір түнеп шықпайынша сене алмадым. Алла жазса, енді өз мамандығымыз бойынша, жұмысқа тұрамыз. 2-ші емханаға тұрмақпын. Екібастұздықпыз енді.

Пәтерлерді жалдау құны айына – 8 мың теңге. 5 жыл тұрғаннан соң, баспана иесі өз атына аударып алады.

Айгүл Шабенова, халықты жұпыспен қамту орталығының маманы:  

Мемлекеттік бағдарламаның шарттары алдын-ала айтылған болатын. Осы берілетін үйлердің видеосы көрсетілді. Орналасқан жері бәрі түсіндірілді. Сондықтан әрбір отбасы осы шарттарға келісіп, ерікті түрде қоныс аударып отыр.

«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы арқылы тек қана көпбалалы аналарға емес, ішкі көші-қон бағдарламасы арқылы оңтүстік аймақтардан келігісі келетін ағайындарға да баспана беріледі.

Болат АМАНБАЕВ 

Хабарламаларға жазылу