Алматыда ХVІ Еуразиялық медиа форум басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ХVІ Еуразиялық медиа форум басталды

23.05.2019

Әлемнің 60 елінен 500 беделді сарапшы мен жүйрік журналист, белгілі саясаткер, экономист келді. Танымал тұлғалар «Бүгінгі әлем: шындық трансформациясы» тақырыбы аясында «Жаһандану», «Тұтыну дағдарысы», «Сандық жүйе», «АІ дәуірі» мен ақпараттық қауіпсіздік, медианың жаңа бағыттарын талқылап жатыр. Сондықтан, бұл басқосу бұрынғы дәстүрінен жаңылмады. Пікір алмасудың бірегей алаңынан 400-ге жуық әлем мен отандық БАҚ өкілдері қазір екпіндетіп, хабар таратуда.

Ал, ауқымды шараның ашылу салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын аталған алаң құрылды. Журналистер қоғамдастығы барынша өзекті тақырыптар төңірегінде кеңінен пікір алмасады. Форум 2001 жылы Нью-Йоркте болған белгілі оқиғадан кейінгі әлемдік геосаясаттағы айтарлықтай өзгерістерді ой елегінен өткізуі үшін іске асқан. Медиа форумда жыл сайын халықаралық әрі өңірлік ең өткір, өзекті мәселелер талқыланады» делінген Қазақстан Президентінің құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін медиа форумның тарихында 6000-нан аса шетелдік сарапшы мен саясаткер қатысқан. Олар ауқымды жиынның халықаралық аренадағы беделін асыруға атсалысқан. 

Алматыда ХVІ Еуразиялық медиа форум басталды. Әлемнің 60 елінен 500 беделді сарапшы мен жүйрік журналист, белгілі саясаткер, экономист келді. Танымал тұлғалар «Бүгінгі әлем: шындық трансформациясы» тақырыбы аясында «Жаһандану», «Тұтыну дағдарысы», «Сандық жүйе», «АІ дәуірі» мен ақпараттық қауіпсіздік, медианың жаңа бағыттарын талқылап жатыр. Сондықтан, бұл басқосу бұрынғы дәстүрінен жаңылмады.

Тодд Баер, «Блумберг» ақпарат агенттігінің аймақтық директоры:

Бүгінгі жиында бірнеше тақырып талқыланып жатыр. Әсіресе, қазір әлемде дамудың жаңа үлгілері қалыптасуда. Заманауи медиа журналистика мен оның тиімді тәсілдері өте көп. Сондай-ақ, дәстүрлі ақпарат құралдарының орнына әлеуметтік желілер дендеп енуде. Тиісінше, әлеуметтік желіні дерексіз, дәйексіз ақпарат жайлап алды. Сондықтан, бұл дағдарыстан шығып, журналистиканың болашағы үшін атқаратын шаруа аз емес.

Алмат ӘБДІРАМАН

 

Хабарламаларға жазылу