Алматы облысында көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын

22.05.2019

Шаруалар соңғы гектарларын игеріп, дән сеуіп, күздік бидайдың жерін жыртып абыр-сабыр. Биыл диқандар 962 мың гектар алқапқа түрлі дәнді дақыл септі. Бұл өткен жылға қарағанда 8400 гектарға көп. Жетісудың астықты ауданы атанып кеткен Кербұлақ өңірінен тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тарқатады.

Кербұлақ ауданының таулы жерлерінде жұмыс қызу. Бір шаруашылық жаздық арпа-бидайын сеуіп жатса, екінші шаруа күздік бидайына арналған алқабын жыртып әлек. Екеуінің де түпкі мақсаты - орақ науқанында мол астық алу.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Былтыр «Мәди» шаруа қожалығы арпаның Шансайн тұқымын сеуіп көрді. Өнімділігі жаман болған жоқ. Гектарынан 35 центнерден айналды. Биыл да шаруашылық арпаның осы сортын сеуіп жатыр.

Бұл шаруашылық 1700 гектар алқапқа арпа екті. Жұмыстың 90 пайызын орындап, дала жұмыстарын аяқтап қалды. «Елде арпа мен бидайдың бағасы өссе, шығынымыз азайып, жағдайымыз оңалар», - дейді қожалық басшысы.

Қайрат Бекеев, «Мәди» шаруа қожалығының басшысы:

- Астығымыздың кішкене бағасы төмендеу болып тұр енді. Күзге қарсы көтеріледі деп ойлаймыз.

Ауыл шаруашылығындағы тағы бір өзекті мәселе - маман тапшылығы. Механизаторлардың алды 60-ты өңгерген аға буын. Жастар санаулы. Солардың бірі - Саят Ердесов. Отыздағы озық маман бірнеше техниканы меңгерген.

Саят Ердесов, механизатор:

- Жастар қалаға барып, түсінбеймін, не істейді? Ауылда жұмыс көп. Еңбек етсең ерінбей, ауылда табыс жақсы. Міне, жер жыртып жатырмыз бәріміз жабылып. Күзде комбайн айдаймыз. Бидай орамыз.

Дегенмен, диқандар қауымы мемлекеттен көрсетіліп жатқан көмекке дән риза. Кербұлақ ауданы бойынша биыл 111 мың гектар дәнді дақыл себілді.

Жалғас Қатжанов, Кербұлақ аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Тыңайтқыштарды толық құнымен сатып алып жатыр. Оның 35 пайызы субсидияға жатады.

Былтыр аудан шаруалары 190 мың тонна өнім алды. Диқандар биыл да осы межеден аспасақ, кем түспейміз деп бекініп отыр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу