Әкімдер байланыс аясынан тыс жерде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкімдер байланыс аясынан тыс жерде

21.05.2019

Халықпен кері байланыс үзілген. Осыдан тура екі ай бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшыларымен жиын өткізіп, тек төрт өңірде халықпен кері байланыс орнатылғанын айтқан еді. Осыдан кейін облыс пен аудан, тіпті ауыл әкімдері әлеуметтік желіге тіркеліп, күнделікті жұмысын жариялауды бастап кетті. Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімі бәрінен асып түсіп, басышылардың жеке телефон нөмірлеріне дейін жариялады.  Алайда арада екі ай өткенде кейбір басшыларға хабарласу мүмкін болмай отыр.  

Халықпен кері байланыс орнату. Әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалану.  Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік қызметке кіріскеннен кейін берген алғашқы тапсырмаларының бірі.  Осы жиыннан соң әкімдер әлеуметтік желіге бірінен соң бірі  тіркеле бастады. Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тапсырманы орындауда барлығынан асып түсті.  Бақыт Сұлтановтың бастамасымен  қалаға қарасты аудан әкімдері мен басқарма басшылары түгел жеке телефондарын жария етті.  Алайда "игі іс" ұзаққа бармады. Қазір әкімдермен байланысу қиын. Мысалы, Есіл ауданының әкімі Қайрат Закарияновтың телефоны күні бойы өшірулі,

Алматы ауданының әкімі Әділбек  Сәрсембаев болса, телефон тұтқасын көтермеді.  Уатсап желісіне таңертең жазған жазбамызға да кешке дейін жауап бермеді.

Ал Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есілов  орыс тілінде қысқа жауап берді.

Алайда қайта хабарласам деген әкім сол күйі хабарсыз кетті. Әкімдердің ішінде тек Сарыарқа ауданының әкімімен байланысудың сәті түсті.

Халық көп хабарласатын басқарма басшыларына да телефон шалып көрдік. Тұрғын үй сертификаты, пәтер кезегі, «7-20-25» бағдарламасына жауапты басқарма басшысының телефоны  өшірулі. Ал білім басқармасының басшысы байланыста екен.

Әнуар Жанғозин Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы:

Кейбіріне жиналыста болған кезде жауап бере алмаймын. Ал уатсапқа жазғанға жауап беремін.

Әзірге тұрғындар мен әкімдер арасындағы байланыс – нашар. Тұрғындардың көбі олармен телефон арқылы байланысуға болатынынан бейхабар.

Әкімдер халықпен тікелей жүздесіп тұруға міндетті. Бұл Президент жүктеген жұмыстың жаңа форматы.  Әзірге  тікелей кездеспек түгілі, телефонмен тілдесу қиын болып тұр.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

                                                 

 

Хабарламаларға жазылу