Атырауда жұқпалы аурудан мал қырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда жұқпалы аурудан мал қырылды

21.05.2019

Атырауда қарапайым шаруаның 90 бас сиыры жұқпалы аурудан қырылып қалды. Төрт түлік асырап, нәпақасын айырып отырған қожалық иесі, қып-қызыл шығынға баттым деп отыр. Вирусты індет әуелі малдың ішек жолына түсіп, кейін әлсірету арқылы өлтіретін көрінеді. Мұндай жағдай облыста бірінші рет тіркелгендіктен, алғашында  мал дәрігерлері не істерлерін білмей абрыдап қалыпты. Қауіпті ауру өзге де шаруа қожалықтарға залалын тигізген.

Жұқпалы ауру  Ирина Долголовецтің иелігіндегі 250 бас ірі қараның 40 %-ын құрдымға кетірді. Шаруа, өткен жылдың тамыз айында басталған  қауіпті індетті, мал дәрігерлері дер кезінде ауыздықтамады деп отыр.

Ирина Долголовец,   шаруа қожалық  иесі:

Бастапқы кезде ветеринар мамандар дәрменсіз болды. Өйткені бұл ауру – олардың тәжірибесінде  алғаш рет кезігіп отыр.  Бүгінде маған 18 миллион теңге шамасында шығын келді. Шаруашылығым асыл тұқымды мал өсіру бағытында болмағандықтан, ешқандай өтемақы ала алмай отырмын.

Вирусты індет қала іргесіндегі Қайыршақты ауылдық округіне тиесілі жайылымдарда тараған. Елді мекенде 30 шаруа қожалық бар. Мал ауруы олардың бірқатарына өз кесірін тигізген. Әзірге өлген төрт түліктің нақты саны белгісіз.

Әлмұрат Омаров, фермер:

Сиыр құлайды. Екі артын көтере алмайды. Дәрігерлер уколын салып, қарап, мынадай-мынадай дәрі бересің деп айтып кетеді. Сол дәрілерді береміз. Бірақ шанс жоқ, өледі.

Малдың неден қырылғанын анықтауға 9 ай уақыт кетіпті. Зерттеу қорытындысы  аурудың адамға зияны жоқтығын көрсеткен. Қазір жағдайға байланысты арнайы бригада құрылды.

Роман  Махметов,  қалалық ветеринария бөлімінің бас маманы:

Олардың жұмысы осы бүгіннен бастап осы тұрған мал ұстайтын шаруашылықтың қора жайын дизенфикциялау. Малдарды іріктеп, вакцинациялау .Бұл диареяның бірінші себебі жердің құнарсыздығынан, шөп-жемнің аздығына,  судан болады.

Жергілікті билік шаруалардың тағы да шығынға батпауы үшін, ауру тараған аумақта уақытша шектеу жариялады. Осы кезеңде мал өнімдерін сатуға және төрт түлікті ауыстыруға тиым салынады. Мамандар осылайша қауіптің күшін жоймақ.

 Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу