Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі осындай бағдарламаның әзірленіп жатқанын айтты. Егерде бұл заң күшіне енсе сапарға шыққан бір азамат өзі үшін билетке төлеп, 15 жасқа дейінгі екі баласын тегін апара алады. Бұл – ішкі туризмді дамыту үшін қолға алынып отырған шара. Себебі, жолаушылар бұл жеңілдікті тек Қазақстан ішіндегі рейстерде ғана қолдана алады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Біздің отандастарымыз шетелге демалуға ұшып кетпеуі үшін осы жұмысты қолға алып жатырмыз. Сонда ғана ақшамыз ел ішінде қалар еді. Шартты түрде айтқанда, біз 1 теңге жұмсап, 6,5 теңгені үнемдеп қалар едік.
Үкімет отырысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралған болатын. Биыл еліміз бойынша 2 миллион 800 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьлерде демалады деп жоспарланған. Оқушылардың уақытын тиімді өткізу үшін 12 960 сауықтыру және демалыс орталықтары қызмет етпек. Олардың басым көпшілігі мектеп жанындағы лагерьлер. Сондай-ақ, 960 мың жас жеткіншек құрылыс жасақтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылады.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ