Басты Жаңалықтар Арал халқы ауданда сода зауытын салуға қарсы

Арал халқы ауданда сода зауытын салуға қарсы

Себебі жоба бойынша өндіріс орны теңіздің тартылған табанында орналасады. Ал қалдықтарды сақтау қоймасы Арал қаласынан 6 шақырым қашықта. Сондықтан жұрт зиянды кәсіпорынның экологиялық зардабынан қорқады. Оның үстіне теңіз орнына құрылыс салу орынсыз екенін айтады.

Халық ашулы. Қоғамдық тыңдауға үлкен дайындықпен келген. Мәселені әбден зерттеп-зерделеген, сондықтан қарсылықтарын нақты дәлелмен, тұщымды пікірмен жеткізді.

Айдана Жұмамұратова, аудан тұрғыны:

- 1 тонна таза өнім шығару үшін 10 тонна жойылмайтын қалдық қалады. Ол деген - табиғатты бүлдіру, ластау. Одан бөлек, зауытта өнім алу үшін 4,5 млн текше метр су керек дейді. Өздеріңіз білесіздер, Арал халқы суға бай емес.

Күнделікті құмды дауылмен алысқан, көкке көтерілген тұздан шаршаған аралдықтар енді улы қалдықтармен тұншыққысы келмейді. Себебі өндірістен шығатын қалдық-шлам өте зиян. Шлам сақтау қоймасы да осы - теңіздің ұлтанында болады.

Айткүл Шалғынбаева, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Зауыт жобасының жетекшілері Арал суының тұщы екенін ескермеген. Егер өндірістік қалдықты алдағы уақытта Арал суына, Арал теңізіне жіберетін болса, онда Арал теңізінің құрамы тұзданады. Яғни, балық өндірісіне де кері әсері болуы мүмкін.

Болат Нұрқожаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Әрине, жұмыс орнының ашылғанына осы жергілікті халықтың табыс тапқанына ешкім қарсы емес. Бірақ экологиялық жағынан қауіптеніп отыр. Өйткені экологиялық апат аймағында отырған халықтың жағдайы онсыз да мәз емес.

Бірақ жоба жетекшілері халықтың бұлайша дүрлігуіне негіз жоқ дейді. Құрылыс орны осыдан 3 ай бұрын белгіленген. Жобаға салынатын инвестиция 9,5 миллиард теңге шамасында. Өндіріс орыны салынып, іске қосылса, 700 адам жұмыспен қамтылады.

Ғалымжан Сержанов, «Арал сода» ЖШС басқарушы директоры:

 - Уайымдайтын ештеңе жоқ. Шлам, яғни өндірістен қалатын қалдық 92 пайыз судан тұрады. Одан қорқудың қажеті жоқ. Және ол арнайы бассейнге жиналады. Одан кейін белгілі бір температурада буланып кетеді. Теңізге, дарияға құйылмайды. Жобаны мамандар мақұлдап отыр.

Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы - 300 мың тонна. Республика халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Бірақ бұл аралдықтардың көңілін көншітпейді. САРАТС жобасы жүзеге асқалы теңіз қалаға біршама жақындады. Сондықтан теңіз тұрғындары Аралдың толатынына сенеді. Ал теңіз жағасына зауыт салынса, ғасыр жобасына жұмсалған қаржы желге ұшады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу