Қарағанды облысында гаражды паналап келген көпбалалы анаға үй берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында гаражды паналап келген көпбалалы анаға үй берілді

20.05.2019

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында жылдар бойы гаражда тұрып келген көпбалалы ана баспаналы болды. Ал жыл соңына дейін тағы бірқатар анаға пәтер берілмек. Ол үшін қазір тұрғын үй құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ, ауданда атаулы әлеуметтік көмекке іліккен көпбалалы аналардың қатары 5 есеге артқан.

Үш бөлмелі пәтердің кілтін қолына тапсырғанда Гүлбахрам Болатбаева қуаныштан көз жасына ерік берді. Отбасылық жағдайымен Алматы облысының Райымбек ауданынан Ақтоғайға қоныс аударған. Содан бері жылдар бойы төрт баласымен үйсіз-күйсіз жүріпті. Жалғызілікті ананың тапқан-таянғаны жөні түзу пәтер жалдап тұруға жетпепті.

Гүлбахрам Болатбаева, көпбалалы ана:

- Гараж болды. Арты гараж, алды екі бөлме. Төрт қабырға мен бір шатырым болса деп армандайтынмын. Арманыма жеттім.

Атаулы әлеуметтік көмекке іліккелі аудандағы көптеген шаңырақтың тұрмысы түзелді. Бұрын-соңды Ақтоғайда 33 отбасы осындай жәрдемақыны алып келсе, енді олардың қатары 5 есеге артқан. Мәселен, Жанар Қияшова мен ері екеуінің ортақ табысы 70 мың теңгеден сәл ғана асады. Бұл қаражатқа 6 баланы асырап, оқытып-тоқыту мүмкін емес.

Жанар Қияшова, көпбалалы ана:

- Бұрын 15 мың алатынмын. Қазір 120 мыңдай ақша аламыз. Енді үлкеніміз Қарағандыда ҚарМТУ-да оқиды. Биыл 3 курс, ақылыда оқиды. Жыл сайын 380 мың төлейміз.

Қазір атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа заңы бойынша 16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жәрдемақысы, сутденттердің шәкіртақысы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін төлемдер отбасылық кіріс ретінде есептелмейді. Жұмыспен қамту бөлімінің мобильдік топтары Ақтоғай ауданы бойынша 17 ауылдық округті түгел аралап, осы өзгерістерді тұрғындарға түсіндірді. Соның қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алатындар саны 5 есеге артқан.

Мирас Қасымхан, Ақтоғай ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Сәуір айының 1-нен бастап мынау кедейшілік шегінің 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге өзгеруіне байланысты бүгінгі күнде аудан бойынша 151 отбасы анықталды.

Ауданда қазір 12 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Бірнешеуі көпбалалы аналарға берілетін болады. Ал, облыс бойынша биыл Гүлбахрам сынды жағдайы төмен 560 ана баспанамен қамтылады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу