Түркістанда туристік полиция құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда туристік полиция құрылды

20.05.2019

Түркістандағы туристік полиция қызметіне кірісті. 4 тілде еркін сөйлейтін тәртіп сақшылары саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, қажет кезінде бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтеп жүретін болады. Бұл -  тарихи мекенді әлемге танытуға және сырттан инвестиция тарту үшін жасалған игі қадам.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

- ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көру үшін былтырдың өзінде 1 млн-нан астам турист келген. Алыс-жақыннан ағылған сол қонақтардың қамын жасау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғау, қолдау - енді туристік полицияның міндеті.

Шыңғыс Ыбраев көпке таңсық көлігімен тарихи орынды торуылдап, туристік полиция туралы жұртты құлағдар етіп жүр. Қазақ, орыс, ағылшын, түрікше еркін сөйлейтін ол 200 қызметкердің ішінен іріктеліп алынған. Туристик полицияға төрт тілде сөйлеу де жеткіліксіз. Олар ел тарихын бес саусақтай білуі керек.

Нүркен Асылбеков, туристік полиция:

- Тарихи деректерде 102 адам жерленген деп көрсетілген. Атақты хандарды айтсақ, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Сәмеке хан, Абылай хан мүрделері осында жатыр.

Туристік полицияның «бес қаруы» түгел. Астында – электромобиль, иығында – бейнетіркегіш, белбеуінде – рация, қолында - ғаламторға және арнайы базаға қосылған планшет.

Түркістанға тәу ету үшін Ауғанстаннан арнайы келген Мұхамад Умран Рафатқа туристік полицияның көмегі тиді.

Мұхаммад Умран Рафат, турист:

- Туристік полицейдің қызметіне өте риза болдым. Қонақүйге жол көрсетті, жөн сілтеді. Осындай үлкен тарихи орын, мәдени ескерткіштердің маңайында туристерге көмек көрсететін, тіл білетін, қажетті ақпарат беретін, бастысы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандардың болуы өте маңызды.

Түристік полиция – ІІМ-нің жаңадан жасақталған құрылымы. Шетелдіктер көп келетін Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Ал, Түркістан өңірі бойынша әзірге тек Ясауи мен Арыстан баб кесенелері маңында қызмет көрсетеді.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу