Балалардың терезеден құлауы азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалардың терезеден құлауы азаймай тұр

15.05.2019

Ауа райы жылынған соң елімізде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кетеді. Биыл да сондай қайғылы жағдайлар қайталанып жатыр. Кеше кешкілік Ақтауда 6 жастағы бала төртінші қабаттан құлап, қайтыс болды. Бұған дейін 2 жасар қыз бала сол себеппен ауруханаға түскен еді.

Бүлдіршіннің миы шайқалып, беті мен басы жырылған. Сондай-ақ, Қарағанды облысында соңғы 3 күнде екі бала терезеден құлап, біреуі қайтыс болды. Мамандар мұндай жағдайлардың жиі қайталануына ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп боп жатады,- дейді. Тақырыпты Фариза Мұсақызы толықтырады. 

Айнұр Ғалиеваның баласы бір қатерден аман қалды. 3,5 жастағы балақайды терезенің алдына шығып тұрған жерінен анасы көріп қалып, өмірін сақтап қалған.

Айнұр Ғалиева, қала тұрғыны:

Біз анау 7-қабатта тұрамыз. Баламыз әдетте балабақшада. Күні бойы балабақшада жүреді. Кешкісін терезе ашпаймыз ғой. Жексенбіде үй жинап жүріп, көзімді ала бергенде, қайтып келсем балам терезенің алдында тұр. Қатты қорқып кеттім, жүгіріп барып баламды алып алдым. Қайта Құдай сақтады. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Баламды сақтап қалғанына. Бірден күйеуіме хабарласып, айттым, кісілерді шақыртайық деп.

Тек елорданың өзінде 2017 жылы 90 бала жоғары қабаттан құлап, түрлі жарақат алған. Былтыр бұл көрсеткіш азайып, 58 қайғылы жағдай тіркелген. Ал биыл жыл басынан бері бас шаһарда 6 оқиға болыпты. Барлығы да түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.

Болатхан Лепесбаев, қалалық №2 балалар ауруханасының травматолог-дәрігері:

Травмпунктке жеткізілген балалардың қатары көбейді. Терезеден құлайтындардың дені – 5 жасқа дейінгі балалар. Көбінде, аяқ-қолы сынып, ми жарақатын алады және бұл оларға психологиялық соққы болады. Байқағаным, ауруханамызға келген балалардың ата-аналары, негізінде, өздерін кінәлайды. 

Бақытжан Сәдібеков – ерікті, «Қанатсыз періште» әлеуметтік жобасының авторы. Оның ойынша, сақтық шаралары сақталмаған салғырттықтың алдын алуға болады. Ол үшін - халықты жаппай ақпараттандыру қажет. Сол себепті, Бақытжан өз қаржысына мынандай парақшалар шығарып, балабақша қабырғаларына іліп жүр. Тіпті, танымдық бейнероликтер де әзірлеген.

Бақытжан Сәдібеков, ерікті:

Бұл іске білім басқармалары араласу қажет деп ойлаймын. Меніңше, елде  осы мәселені зерттеп, оқыс оқиғалардың алдын-алатын органдар дұрыс жұмыс істемейді. Бар кінәні ата-аналарға артып қойған. Терезеге тор салуды міндеттеу керек сияқты.

Жазда жоғары қабаттан құлаған балалар ауруханаға әр екі күн сайын түсіп тұрады екен. Жай жарақат алып, аман қалса - абырой. Бірақ, кейде олардың өмірін сақтай алмай қаламыз...

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу