ШҚО-да жас шекарашылар ант қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да жас шекарашылар ант қабылдады

14.05.2019

Күршім ауданында орналасқан 25/35 әскери бөліміне көктемгі шақырылымда 500-ге жуық жас сарбаз келген. Олар әскери оқу орталығында 1 ай бойы арнайы дайындықтан өтіп, салтанатты түрде Отанға адал қызмет етуге ант берді. Жас жауынгерлердің өміріндегі маңызды шараны ата-аналары, туған-туыстары тамашалады.

Әскери ант беру рәсімі - жауынгер атанған жігіттерге, олардың ата-анасы мен жақындары үшін де ерекше күн. Сондықтан бүл күндері Күршімге еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар көптеп келді. Салтанатты шара жас сарбаздардың және әскери бөлімдегі жеке құрамның саптық алаңдағы жиынымен басталды.

Жас жауынгерлер соңғы 1 айдан бері шекарашы мамандығының қыр-сырын меңгерді. Әскери ант әрбір сарбазды өз халқына, Президентіне адал болуға міндеттейді.

Әділбек Әбілханов, жас сарбаз:

- Кішкентай кезімнен шекарашы болуды армандағанмын. Бүгін сол арманыма жеттім деп ойлаймын.

Сәттілікті бұл күні салтанатты шараға жиналған қонақтар тілеп, сарбаздарды әскери қызметке адал болуға шықарды. Ата-аналар атынан 2 адам құттықтады. Ал, бір жауынгердің кішкентай бауыры, сәтін тауып барлық ағаларына арнайы тақпағын да айтып берді.

25/35 әскери бөлімі осыдан жарты ғасыр бұрын құрылған. Шығыс шебінің тыныштығын қорғаумен қатар, мұнда жыл сайын жүздеген жас жауынгер шекарашы мамандығының қыр-сырын үйренеді.

Жас сарбаздар еліміздегі шекара заставаларында әскери борыштарын өтейді. Ал, Күршім халқы қасиетті Рамазан айында Республиканың түкпір-түкпірінен келген сарбаздардың ата-аналарына, туыстарына орталық мешітте ауызашар берді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу