Жеңіс күнін жазасын өтеушілер де атап өтті. Павлодарда 4 бірдей түзеу мекемесі орналасқан. Бүгін олардың бәрінде мерекелік шаралар ұйымдастырылды. 162/3 мекемесі орташа деңгейде қылмыс жасағандарға арналған. Қазір мұнда 400-ден аса адам жазасын өтеп жатыр. Басым бөлігі 3 жылдан 6 жылға дейін сотталғандар.
Түрме әкімшілігі биыл алғаш рет сап құру алаңында мерекелік шеру өткізді. 80-нен астам жазасын өтеуші өз әкелерінің, аталарының, туыстарының суреттерін ұстап, шеру жасады. Сондай-ақ, «Майдан әндері» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова туралы көркем фильм көрсетілді.
Елдос Ергеш, жазасын өтеуші:
Іс-шараны өткізіп отырған мекеме әкімшілігіне үлкен алғысымызды білдіреміз. Сотталғандардың ата-бабалары соғысқа қатысқан, солардың ерліктерін еске алдық. Осындай Жеңіс сыйлаған ата-бабаларымыздың ерліктеріне мың да бір алғысымызды білдіреміз.
Бауыржан Әмірханов, АП 162/3 мекемесінің қызметкері:
Бұл оқшаулау орнына қайтып келмесін деген мақсатта атқырылып жатқан шара. Басты мақсат - рухтарын көтеру.
Болат АМАНБАЕВ