Қарағанды облысында 2 мыңға жуық адам экологиялық акцияға қатысты
Қарағанды облысында «Бірлік – Таза Қазақстан үшін» экологиялық акциясы өтті. 7 қарашада ұйымдастырылған шараға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, волонтерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы 2 мыңға жуық адам Молодежный, Жансары елді мекендері мен іргелес аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысты.
Акцияға Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Бірлік» қоғамдық тобының төрағасы Иван Георгиади, сондай-ақ республикалық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Молодежный кентіндегі мәдени-сауық орталығының аумағына 500 түп қылқанжапырақты көшет отырғызылды. Ұйымдастырушылар ағаш отырғызумен ғана шектелмей, олардың жергілікті климатқа бейімделуі мен тұрақты күтіміне де назар аударды. Алдағы уақытта жаңа аллеялардағы көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары жалғасады.
Экологиялық акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылды. Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өткен болатын. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – тазалықты бір реттік шара емес, күнделікті өмір салтына айналдыру.
Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобы түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдерін біріктіреді. Топтың қызметі этносаралық келісімді нығайтуға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және өңірлердің дамуына үлес қосуға бағытталған.
«Бірлік» қоғамдық тобының төрағасы Иван Георгиади мұндай акциялардың жалпыұлттық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, туған жерді көркейту, қоршаған ортаны таза ұстау және келер ұрпаққа қолайлы орта қалдыру – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ол экологиялық шараларды жыл сайын жалғастырып, тұрақты дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ақбаржон Исмаилов та экологиялық бастамалардың ел көлемінде кеңінен қолдау тауып отырғанына тоқталды. Оның сөзінше, мұндай шаралар азаматтардың туған жерге деген құрметін арттырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен өзара жауапкершілікті нығайтады.
Акцияны ұйымдастыруға Иван Георгиади басқаратын «Евразия Инвест LTD» ЖШС қолдау көрсетті. Компания алдағы уақытта да осындай бастамаларды көшеттермен қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді.
Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы жобаларымен де танысты. Олар сүт-тауар фермасы мен кәсіпорынның көшет шаруашылығын аралап, өндіріс жұмыстарының барысын көрді.
Шара соңында «Бірлік» қоғамдық тобының мүшелері экологиялық акцияны жылына екі рет өткізуді ұсынды. Сондай-ақ бастаманы еліміздің өзге өңірлеріне таратып, оған жергілікті этномәдени бірлестіктерді кеңінен тарту мәселесі көтерілді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай бірлескен жұмыстар «Таза Қазақстан» бастамасының аясын кеңейтіп, табиғатқа жанашырлық пен қоғамдық жауапкершілікті күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы