Отан соғысы кезінде бір өзі жаудың 600 минасын жойған Зұлқарнай Сейітов қазір 97 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отан соғысы кезінде бір өзі жаудың 600 минасын жойған Зұлқарнай Сейітов қазір 97 жаста

10.05.2019

Отан соғысы кезінде бір өзі жаудың 600 минасын жойған Зұлқарнай Сейітов қазір 97 жаста. Ол - 20 жасында майданға аттанып, жас болса да қауіпке басын тіккен жаужүрек батыр. Ленинград, Сталинград қалаларын азат етуге қатысып, Берлинге дейін барған. Ардақты ардагер қазір Алматыда тұрады.

 

Зұлқарнай Сейітов сұрапыл соғыс басталғанда 9-сыныптың оқушысы болған. Отанға қауіп төнгенде оқуын да аяқтамай, ойланбастан оқ пен оттың ортасына аттанған.

 

Зұлқарнай Сейітов, соғыс ардагері:

Соғыс жүріп жатты. 1942 жылы қаңтардың 10-ы  күні мені әскерге шақырды.

 

Әскерге алынғаннан кейін Свердлов қаласында жаттығудан өтіп, жаудың танкісін қиратушы топқа қосылады. Ленинград пен Сталинградты қоршап тұрған немістерге қарсы ұрысқа аттанады. Майдангер сол шайқастардың бірінде жарақат алып, кейін оған мина іздеу міндеті жүктеледі. Осылайша, әскердің жолын жарылғыш заттан тазалап Беларусь, Польша, Германияға дейін барған. 3 жыл жаяу жүріп, жалғыз өзі 600 минаны тауып, жойған.

 

Зұлқарнай Сейітов, соғыс ардагері:

Күнде танктің шабуылына қарсы шығамыз. Бұл нағыз өлім.

 

Соғыс аяқталған соң, Зұлқарнай Сейітұлы елге оралып, ғылым жолына түседі. Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқып,  аспирантурада білімін шыңдайды. Ұстаз ретінде бірнеше жоғарғы оқу орынында жұмыс істеген ардагерді жыл сайын шәкірттері үзбей құттықтап тұрады.

 

Ләззат Орақбай, медицина ғылымдарының докторы:

Зұлқарнай Сейітұлы біздің университетте мұғалім боп жұмыс істеген. Жастарға сабақ қана емес, мәдени тәрбие де берді. Қазір студенттер оны жылы сөзбен еске алып отырады. Қазір бейбіт өмір сүріп жатқанымыз, солардың арқасы. Сондықтан, ардагерлер алдында рахмет айтып, басымызды иеміз.

 

Ардагер қазір 97 жаста. Елімізге белгілі биология ғылымдарының докторы. Биохимия саласына қосқан үлесі үшін  «Платиндік Тарлан» сыйлығын иеленген. Соғыстан аман келіп, ғылыммен айналысқан ғалымның еңбектері қазір ағылшын тіліне аударылып, әлемге таралып жатыр.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу