Жуырда ауданаралық экономикалық сот осындай шешім шығарыпты. Белшеден берешек болған тұтынушы өзінің үстінен талап арыз берген электр таратушы кәсіпорынның уәжімен келіспейді. Себебі ол төлемді уақтылы, тіпті алдын ала жүргізіп отырған. Түйткіл неден туындады? Мәселенің мәнісін Дәуренбек Әбдібек баяндайды.
Алмас Доскеев Алтын дала ауылындағы қараусыз қалған Мәдениет үйін 2001 жылы аукцион арқылы сатып алған. Кейін бір кәдеге асыру үшін жеке кәсіп ашып, жұбайының атына тіркеді. Алайда, іле-шала бизнесті бастап кетудің сәті түспей, ғимарат осы уақытқа дейін бос тұрды. Былтыр мамыр айында энергетик мамандар келіп нысанға тексеру жүргізген.
Алмас Доскеев, Алтын дала ауылының тұрғыны:
- Бір пломба жетпейді, үш пломба болу керек деді маған. Содан соң, мен оның мүмкін емес екенін айтып, ренжідім. Олар акт толтырмыз деді. Актіні менің атыма толтырды. Ал, ғимарат әйелімнің атында. Оны сұраған да жоқ.
Электр қуатын тұтыну талаптарының бұзылуы туралы жасалған актіге Алмас Доскеев келіспейтінін айтып, қол қойып береді. Кейін кәсіпорын басшыларына жолығады. Ондағылар жағдайды түсінгендей болады.
Алмас Доскеев, Алтын дала ауылының тұрғыны:
- Содан биыл 11 наурызда соттан қағаз келіп тұр. Енді әйелімнің атына. 2 млн теңге айыппұл деп есептеген өздері.
Ал, энергия таратушы кәсіпорынның мамандары барлық әрекет заң аясында жүзеге асқанын айтады. Тексерушілер актісі бойынша Доскеевтерге тиесілі ғимараттағы есептегіштің пломбалары соңғы рет 2015 жылы түгенделген. Ал, үш жылдан соң оның жоғалғаны анықталып отыр. Яғни, осы үш жылға белгіленген нормативтерге сәйкес қайта есептеу жүргізілген.
Александр Рейзлин, «ЭПК Форфайт» ЖШС бас директоры:
- Біздің мекеме айыппұл салмайды. Электр қуатын пайдалану ережелері бұзылған жағдайда қайта есептеу жүргіземіз. Тұтынушы оны төлеуі тиіс. Ортақ келісімге келе алмасақ, сотқа жүгінеміз.
Қостанай облысындағы электр қуатын таратушы кәсіпорын 220 мыңнан астам тұтынушыға қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері техникалық талаптардың бұзылуына байланысты 71 оқиға тіркеліпті. Қарызын уақытында төлмеген 1200 тұтынушы электр желісінен ажыратылып, 22-сі сотқа тартылған. Ал алтындалалық Алмас Доскеев өзін әділетсіздіктің құрбаны болдым деп есептейді. Сондықтан сотқа қарсы арыз түсірмек.
Дәуренбек ӘБДІБЕК