Шығыс Қазақстан облысындағы еңбек ұжымдары соғыс және еңбек ардагерлерін келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтауда. Мереке қарсаңында құрмет пен қошеметке бөленген қарияның бірі - Ермек Тоқтаров. Оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Ерте есейіп, Жеңіске еңбегімен үлес қосқан ақсақалдың үйінде тілшіміз де болып қайтты.
Еңбек ардагері Ермек Тоқтаровты бұрынғы ұжымы осылай жылда құттықтап келеді. Қазір құрмет пен қошеметке бөленген қария бала кезінде соғыс жылдарындағы тауқыметті көп көрген. Бұғанасы қатпаса да, ол тылдағы еңбекке ерте араласқан.
Ермек Тоқтаров, тыл ардагері:
- Ол кезде аттар жоқ, бәрін соғысқа алып кеткен. Көбінде өгіз жегіп, сиыр жегіп, мен жетелеп жүремін, шешем ұстап. Ол кезде астықты қолмен шашады, дорбаға салып алады да.
Ермек Тоқтарұлы мектепке тек 10 жасында ғана барған. Білім алғаннан кейін 23 жыл қылмыстық атқару жүйесі саласында жұмыс істейді. Мекеме ұжымы мен ардагер арасындағы байланыс әлі күнге дейін үзілген емес.
Ермек Тоқтарұлы тек еңбегімен ғана емес, үлгілі отбасы ретінде де көпке өнеге. Жұбайы Қайша әжемен бірге отасқандарына биыл - 54 жыл. Екеуі> ұлағатты ұрпақ өсірді. Үлкен қыздары мамандық таңдауда әке жолымен жүруді жөн санапты.
Гүлмира Тоқтарова, ардагердің қызы:
- Мен өмірде қандай жетістікке жетсем, ол тек осы ата-анамның арқасы. Үнемі осы кісілердің атағына дақ түсірмей, әр міндетімді абыроймен атқаруға тырысамын.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда 14 мың тыл ардагері бар. Еселі еңбекпен есейген жандарға жыл он екі ай қамқорлық көрсетіледі. Өйткені қариялардың еңбегі - елге үлгі, ұрпаққа өнеге.
Берік КӨШЕРБАЙ