Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 350 млрд теңге бөлінеді. Осы қыруар қаржыға алдағы бес жылдың ішінде әлеуметтік баспаналар салынбақшы.
Өйткені қазір республика көлемінде 31 мыңнан астам көпбалалы ана үй кезегінде тұр. Бұл туралы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов айтты.
Депутат аудандағы бірнеше шаруа қожалықтарын аралап көрді. Бүгінде кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, ауыл шаруашылығын ширатып, кәсібін өркендетіп отыр. Оған қоса, жергілікті жұртты жұмысқа алып, әлеуметтік әлеуеттің жақсаруына үлес қосып келеді.
Серік Үмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі бізде жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа тарту мәселесіне қатты көңіл бөлініп отыр. Оған қазір үлкен жоспарлар бар. Келешекте осы жоспарлардың бәрі іске асады.
Аманкелді СЕЙТХАН