Қытаймен шекаралас жатқан Қарабұта ауылы көркейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытаймен шекаралас жатқан Қарабұта ауылы көркейіп келеді

06.05.2019

Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданында шекаралас ауылдарды дамыту үшін өткен жылы 6 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінген. Халық игілігіне талай тың жобалар іске асты. Аудандағы елді мекендердің дені Қытаймен іргелес жатыр. Сондықтан оларды дамыту, халықты тұрақтандырудың маңызы жоғары.

Зейнеткер Сейітқазы Мұздыбаев - Қытаймен шекаралас жатқан Қарабұта ауылының байырғы тұрғыны. Жасы жетпіске жақындап қалған ақсақал, әлі күнге туған ауылының дамуына үлес қосып келе жатқан белсенді азаматтың бірі. Қарабұтада қолға алынатын көркейту жұмыстарының әрқайсының басы-қасында жүреді. Өз қолымен талай ескерткіш тұрғызып, саябақ салған. Қазір орталықтан жастармен бірлесіп, заманауи спорттық алаңның құрылысын бастады.

Қарабұтада Мәдениет үйі, мектеп, балабақша, емхана сынды нысандардың бәрі жаңа. Соңғы 5 жылда 7 әлеуметтік нысан тыңнан бой көтерген. Бюджет есебінен бөлек, ауылдың азаматтары өз қаржысына салғандары да жетерлік. Берекесі артқан ауылда қазір күйіп тұрған мәселе жоқ. Ауызсуы тартылған, ішкі жолдары асфальтталған.

Мұратбек Шөмшеков, Қарабұта ауылдық округінің әкімі:

- Мен айтатынмын. Әлі асықпаңыздар! Қаладағыдай өмір сүреміз. Асфальт жол болады. Үйлеріңізге таза су кіреді. Ыстық су қаладағыдай болады дегенде, сенімсіздік болған. Жасыратыны жоқ. Соның бәрі болды, жаңа көрдіңіз. Асфальт 5,5 шақырым аулдың ішінде. Үйдің ішінде ыстық су, таза су кіріп тұр.

Мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысатын ауыл халқының саны жылдан-жылға артып келеді. «Қазір балабақшаға бала сыймай, оны кеңейтуді жоспарланып отырмыз»,-дейді ауыл әкімі. Жақын арада ірі су қоймасының құрылысын бастау жоспарда бар. Бұл жоба іске асса, 12 мың гектар егін алқабы, суармалы болмақ. Үржар ауданы бойынша өткен жылы тек шекаралық ауылдарды дамыту үшін 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу