Өскеменде кәсіпкерлер жаңа жобаның кесірінен шығынға батпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде кәсіпкерлер жаңа жобаның кесірінен шығынға батпақ

02.05.2019

Олардың айтуынша, қалада тұңғыш Арбат ашылса олардың бизнесі мүлде тұралап қалады. Жылдар бойы қаланың орталығында өз кәсіптерін дөңгелетіп келген бизнес иелері әлден түрлі кедергілер көбейгенін айтады. Ал, аймақтағы атқарушы билік саудагерлер орналасқан бұл жерді жаяу жүргіншілерге арналған ерекше демалыс орнына айналдырмақ.

Өскемендегі Бейбітшілік көшесінде өткен айдан бері адам да, техника да көбейді. Бұл жерді Арбатқа айналдыру көзделген. Қаланың дәл ортасында орналасқан шағын көшенің бойында ежелден дүкен және өзге де кеңселер көп. Кәсіпкерлер жаңа жоба кесірінен банкротқа ұшыраймыз деп алаңдайды.

Болат Байшалов, кәсіпкер:

- Біздің бизнеске жаяу жүргіншілер аймағын жасау жобасынан залал келіп тұр. Бүгінде 1-2 дүкен жабылып қалды. Жақында қалғандары да жұмысын тоқтатуы мүмкін, өйткені шығынға батып отыр. Басты себеп - бұл жерге көлікпен келуге мүмкіндік жоқ.

Қаладағы ең алғашқы Арбат барлығы 72 адамның бизнесіне кері әсер ету мүмкін. Облыс әкімі уақытынан бұрын уайымдамауға шақырып, оларды алаңдатқан барлық мәселе ескерілетінін айтты. Сенбі күні осы тақырып бойынша олармен тағы бір рет кездесетін де болды. Кәсіпкерлермен қоса көше бойындағы өзгерістерге осы маңдағы үйлердің тұрғындары да үреймен қарап отыр.

Тамара Яценко, қала тұрғыны:

- Көп ағашты кесіп тастайды екен. Бұл қаланың микроклиматына кері әсер етеді. Сонымен қатар, Арбатқа гранит тастар төселеді. Олар жазда күн сәулесіне қатты қызады. Яғни, түнде осы маңда температура да өзгереді.

Былтырдан бері Өскеменде көшелерді кеңейту жұмысы жүріп жатыр. Өйткені соңғы жылдары қалада көлік саны күрт артқан. Аулаларды абаттандыру, жаңа демалыс аймақтарын ашу, Арбат жасау – халықтың жайлы өмірі үшін қолға алынған шаруа. Билік тұрғындарды сәл шыдамдылық танытуға шақырды.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Бейбітшілік көшесі де өте әдемі болады. Сонда біздің тұрғындарымыз тек Түркия мен Еуропаға емес, өзіміздің тамаша қаламызға қуанады. Ал қаланың шет жағында біз жұмыс істеуіміз керек. Осы көшеде міне жаңадан асфальт салып жатырмыз.

Жақын арада Өскемен жаңарып шыға келмек. Биыл Өскемендегі инфрақұрылым, абаттандыру, жарық және жол жөндеу жұмыстарына барлығы 13 миллиард теңге қарастырылған.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу