Қазақ тілін үйренуге қызығушылық артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ тілін үйренуге қызығушылық артып келеді

01.05.2019

Кореялық бойжеткен қазақ тілін небәрі бір жылда толық меңгеріп алды. Қазақстанға оқу іздеп келген шетелдік студент мемлекеттік тілді үйренудің еш қиындығы жоқ деп отыр. Жалпы, соңғы жылдары қазақ тіліне қызығушылық танытатын шетелдіктер саны артқан.

Қазақтың тілі әуезді, әсем, шебер де шешен. Оңтүстік Кореядан қазақ еліне білім іздеп келген бойжеткеннің байламы бұл. Чу Ионг Мин қазақ тілін бір жылда меңгеріп алыпты. Оның құпиясы – ажарлы, айшықты тілге ғашық болған. Сосын қамқорлығымен қаумалаған қазақтардың мейірімділігіне тәнті. Тек, елорданың суығына үйрене алмай жүр.

Чу Ионг Мин, Оңтүстік Корея елінің ғалымы, докторант:

- Ауа райы суық. Бірақ соған қарамастан адамдардың жаны өте ыстық деп ойлаймын.

Чу Ионгтың екінші есімі «Тойшыл қыз». Қазақстанға келген соң меншіктеген аты. Достары әзіл-шыны аралас оны осылай деп атап кеткен. Өйткені оған қазақтың той-думаны қатты ұнайды. Біреу қызығына шақырса, қалмай барады.

Чу Ионг Мин, Оңтүстік Корея елінің ғалымы, докторант:

- Қазақ достарым мені тойға көп шақырады. Айына 2-3 тойға барамын. Олар маған той сайын жаңа тамақтарын таныстырады.

Жыл өткен сайын қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп, құрмет артып келеді. Шет елдің өкілдері де өздері іздеп, үйреніп жүр.

Рукия Низамова, ұйғыр ұлтының өкілі:

- Қазақ еліне алғыс айтамын. Мен осы қазақ елінде емін-еркін өмір сүріп жатырмын. Өз ана тілімде білім алдым. Отаным үшін еңбек етуге дайынмын.

Қазақтың тілі – ел мен елді жақындастыратын көпір. Елімізде тұратын барлық ұлтты қазақ халқының маңына ұйыстыратын алтын діңгек. Ал, жақында еліне қайтатын Чу Ионг кореялықтарға қазақтың ғажап тілін үйретуге асығып жүр.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу