Басты Жаңалықтар Ақмола облысында балабақшаға балаларды заңсыз тіркеп, бюджеттен ақша алып отырған кәсіпкер анықталды

Ақмола облысында балабақшаға балаларды заңсыз тіркеп, бюджеттен ақша алып отырған кәсіпкер анықталды

Степногорск қаласындағы жекеменшік бөбекжай 2017 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша балаларды қабылдаған. Әр тәрбиеленуші үшін бюджеттен қаржы аударылған. Тексеріс барысында тізімдегі балалардың бірқатары мектепке дейінгі мекемеге бармағандығы әшкере болды. Тіпті, өзге елді мекенге көшіп кеткендерді де жалған тіркеген. Сәйкесінше, олар үшін кәсіпкер қазынадан қаржы алып отырған. Жалпы шығын көлемі 3,5 миллион теңгеден асады.

Жеке балабақша ерлі-зайыптыларға тиесілі болған. Сондықтан екеуі де жауапқа тартылды.

Елена Медведева, Степногорск қалалық сотының судьясы:

- Олар қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды. Қазіргі уақытта кәмелеттік жасқа толмаған 3 баласы болғандықтан, тағылған айыпты толық мойындауына байланысты, әрқайсысына 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, шығынды қайтару бойынша келісім жасалды.         

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Бөлісу