Жамбыл облысында жолдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жолдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

30.04.2019

Жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен тасымалдау - қатаң бақылауда. Қазір автовокзалдар мен автостанцияларды стандартқа сәйкестендіру шаралары жүріп жатыр. Төңірегіндегі жабайы тұрақтар жойылып, заңсыз тасымалдаушылардан арылуда.

Бауыржан Мұратов Алматыға жиі қатынайды. Аптасына бір рет алып мегаполиске ат басын бұратын кәсіпкер жол қауіпсіздігіне қатты мән береді. Сондықтан жолшыбай көліктерге мініп кетуден сақтанады. Өйткені жолда жиі болатын қайғылы оқиғалардан құлағдар. Өзінің де техникасы бұзылып жолда қалған кездері аз емес.

Бауыржан Мұратов, жолаушы:

- Техника медициналық жағынан өтеді. Сенімді. Халықтың бәрі осы жерден мінеді. Сырттан ұстап кетпейді.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Мына орталық автобекеттен тәулігіне мыңға жуық адам алыс-жақын жолға шығады. «Жол мұраты – жету» десек, жолаушылардың діттеген жеріне жетуі үшін осындай қоғамдық көліктер техникалық тексерістен өтеді. Ал, жүргізушілер арнайы медициналық қадағалаудан өтуге міндетті.

Қоғамдық көлікті басқаруды сеніп тапсыратын мамандар мұндай тексерістен кейін ғана жолқұжатқа ие болады. Денсаулығынан кінарат, қанынан зиянды зат табылған жағдайда жолға шығуға құқы жоқ. Ал, тоғыз жолдың торабына күндіз-түні кезекшілік қойылып, рейдтік шаралар өтіп тұрады.

Бақытжан Жәнібеков, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Бұның аясында стихиялық тұрақтар мен заңсыз тасымалдау жұмыстары бойынша бізде он ауданда да іс-шаралар бекітіліп, жүзеге асырылуда. Түркістан облысынан, Қызылорда облысынан қатынап жатқандарға да бір шетінен үлкен жолдың бойы болғандықтан қамтып кетіп жатырмыз.

Соңғы уақытта облыс аумағында жолда жарақат алғандар саны 9,4 процентке көбейген. Сондықтан жол апаттарының алдын алу жұмыстары қатаң бақылауда. Екі күндік тексеріс кезінде 600 әкімшілік хаттама толтырылып, 300-ден астам жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін жауапқа тартылды.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу