Семейдегі іздеушісі жоқ адамдар жерленген қорымда табыттар жер бетіне шығып қалған
Семейде қала сыртындағы іздеушісі жоқ, құжаты жоқ адамдарды жерлейтін қорымда сұмдық жағдай орын алған. Қыста ғана жерленген марқұмдардың табыттары жер бетіне шығып, ашық-шашық жатыр. Мұны көрген қала тұрғыны ұялы телефонына түсіріп алып, біздің арнаға хабарлады. Өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып сол жаққа барып, жағдайды көріп қайтты.
Ержан Жақып, тілші:
- Мынау - үйсіз-күйсіз, құжаты жоқ, туысқандары жоқ адамдары жерлейтін қорым. Іздеушісі жоқ болғандықтан, бұл жерлерге марқұмдарды қалай болса-солай жерлегендігі байқалып-ақ тұр. Сорақысы сол, тіпті мұнда бірнеше табыт жердің бетіне шығып, ашылып қалған.
Қабірлердің осындай күйін көргенде Асұлан Кәкенов төбе құйқасы шымырлап, шошып кеткен. Тиісті органдарға жүгіну үшін телефонға түсіріп алған.
Асұлан Кәкенов, қала тұрғыны:
- Қалай болса-солай жерленгенін, бірнеше табыттың ашық жатқанын көріп, жағамды ұстадым. Тіпті тігінен емес, қырынан, қалай болса солай лақтыра салғаны көрініп жатыр енді.
Бұл қорымға негізінен қарттар үйі, түрмелер мен психдиспансерде қайтыс болғандарды, қаңғыбастарды жерлейді. Арасында аты-жөні белгісіздері де көп. Ондайлардың қабіріне, тек тіркеу нөмірлері ғана жазылады. Біздің түсіру тобымыз келгенін біліп, жерлеу рәсімін жүргізетіндер, іле-шала ашық жатқан табыттарды жанталаса жаба бастады. Тіпті, салттық қызмет көрсететін серіктестік өкілі «жерлеуде ешқандай кемшілік жоқ, бәрі дұрыс»,-деп міз бақпады.
Евгений Песковец, «Ритуал Семей» ЖШС өкілі:
- Туыстары жоқтарға, әрине, қабірді терең қылып қазбайды. Стандарттар бар. Қыста жерлегенде осылай болады. Күн суық боран болады. Сондықтан, барлығын осылай көмеміз. Күн жылығанда қайта дұрыстаймыз.
Мұндай жағдайда қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы да ешқандай тексеріс жүргізе алмайтынын айтып отыр. Өйткені бұрын санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды бақылайтын мекеменің құзыретінен қазір мұндай міндет алынып тасталған. Ондағы маманда, тек қана түсіндіру жұмыстарымен шұғылданатын көрінеді.
Қалалық әкімдік өкілдері мұндай жағдайдың болғанын білмегенін айтады. Алайда, алда тексеріс жүргізіп, заңбұзушылық анықталса, жерлеумен айналысатын серіктестік жауапқа тартатынын айтты.
Ержан ЖАҚЫП
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
