Қызылорда облысындағы екі ауылдың тұрғындары суға таласып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы екі ауылдың тұрғындары суға таласып жатыр

29.04.2019

Себебі елді мекендерге су келетін каналға тоспа салынбақ. Мәселе содан туындап отыр. Су екі ауылға да керек. Тек екеуінің жағдайы екі түрлі. Біреуі шлюз салынса дейді, екіншісі оған қарсы.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Жаңа Сұлутөбе каналы арқылы үш ауылға су келеді. Каналдық бойында осы жерге дейін 4 су тоспасы бар. Енді бесіншісін, осы жерге шлюз салуды халық сұрап отыр. Себебі жоба бойынша дәл осы жерде су тоспасы болған. Бірақ бұзылған, қайта салынбаған.

Каналдың арғы бетінде Еркінбай Ерғалиевтің 900 гектар жайылымдық жері бар. Ол - 1 мамыр ауылы тұрғындарының пай үлесі. Қазір шабындыққа су бармайды. Су бару үшін тоспаны қайта салу керек.

Еркінбай Ерғалиев, шаруашылық төрағасы:

- Көктемге 20 күнге суды тоссақ, керегін аламыз. Астынан жартылай да ағып жатады. Оның үстіне мына жерде көпіріміз бар. Құлап тұр. Техника өте алмайды. Әрі көпір есебінде шешу болады.

Кенжехан Қыдыров, 1 мамыр ауылының тұрғыны:

- Біз жерімізді қайтадан қолға алып, қоршап, шабындық қылсақ деп едік. Мынау жерге шлюз салсақ, екі жаққа да су шығады. Халықтың күнкөрісі сол - мал шаруашылығы, тек малмен күнелтіп отыр.

Ал, шлюз салынса, каналдың төменгі жағындағы Жаназар батыр ауылына су мүлдем бармайды. Мал мен жан қиналады деп олар дабыл қағады.

Ыдырыс Алтауов, Жаназар батыр ауылының тұрғыны:

- Жаздай каналдың табынының шаңы шығып жатады. Малға да жоқ. Каналда су болмаған соң, құдықтардың да суы кетіп қалады.

Балгүл Мұқанова, Жаназар батыр ауылының тұрғыны:

- Қолындағы ұсақ-түйек малынан айырылса, бұл халық қалай күн көреді?

Мұның барлығын тұрғындар су шаруашылығы саласының мамандарына да айтты. Бірақ оған қарамастан шлюз салынады. Биыл болмаса да келер жылы салынуы керек.

Дихан Әубәкіров, Шиелі су шаруашылығы учаскесі басшысының орынбасары:

 - Ол жерде біз суды жауып тастайтын мәселе емес, судың деңгейін көтеру уақытша, ол екі елді мекенге де су жетеді. Біз өзіміз қадағалап отырамыз.

Десе де, адамы аралас, қойы қоралас жатқан іргедегі екі ауылдың арасындағы жағдай ушығып тұр. Жергілікті әкімдік түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Судан таршылық көруден қорыққан Жаназар батыр ауылының тұрғындары оған да көнер емес.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу