Алматыдағы Нұршашқан ықшам ауданының тұрғындары жол азабын тартып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Нұршашқан ықшам ауданының тұрғындары жол азабын тартып жүр

26.04.2019

Алматының Түрксіб ауданына қарасты Нұршашқан ықшам ауданының тұрғындары әлі күнге дейін жол азабын тартып жүр. Жол жоқ болғандықтан, жедел жәрдем келмейді, қоғамдық көлік қатынамайды. Кәріз құбыры мен ауызсу да тартылмаған. Жарықты да жеке қаржыларына тартып алған тұрғындар таза суды өздері қазып алған құдықтан ішеді. Түрксіб ауданының әкімдігіне арызданғанымен, көпшілік одан нәтиже шықпағанына қапалы.

Алтынбек Жарылқасынұлы 2014 жылы тұрып жатқан ауылдың мегаполиске қосылғанын естіп қуанышында шек болмапты. Себебі 3 мыңнан аса түтіні бар елді мекеннің Алматыға қосылғаннан кейін жағдайы жақсарады деп үміттенген. Алайда, 5 жылда тек Нұршашқан шағын ауданы болып атауы өзгергені болмаса, әлеуметтік жағдайы сол баяғы.

Алтынбек Жарылқасынұлы, қала тұрғыны:

- Жер батпақ деп мына жерге жедел жәрдем келмейді.

Шаймерден Шериязданұлы, қала тұрғыны:

- Былтыр жолды өзіміз жөндегенбіз.

Жаңбыр жауса, нұршашқандықтардың да мазасы қашады. Ал, жұрт талай арызданған жергілікті басқару орындарының өкілдері жолды жөндеуге асығар емес.

Айдос Бекетаев, Түрксіб аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Нұршашқан шағын ауданының тұрғындарының мәселесі бойынша 2019-2020 жылдары су құбырлары жүргізіледі. Ауызсу жүргізіледі. Одан кейін 2020-2021 жылдары жол салуды бастаймыз. Салып бітіреміз 2021 жылы.

Түрксіб аудандық әкімдігінен әрекет болмайтынын сезген тұрғындар амалсыз өздері көлік жалдап тас төсеуге кіріскен. Бірақ мұны біреудің қалтасы көтергенімен, біреуінің жағдайы келмейді. Сондықтан көпшілікке тегіс жолмен жүру үшін 2021 жылды күтуден басқа амал жоқ.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу