Қарағанды облысында күн электр станциясы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында күн электр станциясы іске қосылды

26.04.2019

Гүлшат елді мекені маңындағы қуаты 40 мегаваттық баламалы энергия өндіру станциясы инвесторлардың қаржысына салынды. Нысанның құрылысына 46 миллион доллар жұмсалған.

Балқаш көлінің маңына салынған күн электр станциясының аумағы 100 гектарды алып жатыр. Құрылысы небәрі 8 айда біткен. Жобаға 46 миллион доллар жұмсалыпты. Мамандар нысанды салмас бұрын, бұл жердің климатын әбден зерттеген.

Нұрлан Қапенов, жоба жетекшісі:

- Баламалы қуат көзін көптеп өндіру үшін тек қана күн сәулесінің болуы жеткіліксіз. Ауа қысымы, ылғалдылық - барлығы да сәйкес келуі керек. Ал, Гүлшат елді мекенінің климаты еліміз бойынша ең қолайлысы болып тұр. Сондықтан таңдау осы жерге түсті.

Мұндағы 123 мыңнан астам күн панелі жылына 58 миллион киловатт тоқ береді. Ал, жылу энергия орталықтары дәл осындай көлемде электр қуатын өндіретін болса, қоршаған ортаға шамамен 80 мың тонна газ тарайды. Демек, бұл - экологиялық жағынан аса тиімді жоба. Бұл - кенді өңірде ашылған екінші нысан. Ал, жазда 50 мегаваттық тағы бір күн станциясы іске қосылмақ.

Ерлан Қошанов, облыс әкімі:

- Бүкіл Қазақстанда өндіретін электр қуатының күн сәулесінен алынатын, жартысын бүгін біз Қарағанды облысы беріп отырмыз. Биылдың өзінде біз 200 мегаватт күннен алатын электр көзін іске қосамыз.

2030 жылға дейін елімізде өндірілетін баламалы тоқ көзінің үлесін 10 пайызға жеткізу жоспарда. Айта кету керек, бұл күн панельдерінің кепілдік мерзімі 25 жыл. Ал, энергияны қысы-жазы өндіреді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу