Павлодардың Май ауданында Билер кеңесі құрылды
Павлодар облысы, Май ауданында билер кеңесі құрылып, барлық ауылдық округтерде билер тағайындалған болатын. Соның арқасында сотқа баратын даулы мәселелер күрт азайды. Әсіресе, азаматтық істерді бітімгершілікпен шешу пәрмен ала бастаған.
Май - қазақы аудан. Тұрғындары даудан алшақ жүргенді қалайды. Сондықтан ел ішіндегі ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының араласуымен шешуді бірден қолдады. Билер кеңесіне 14 адам сайланды. Одан бөлек әр ауылдың 2-3 адамнан құралған өз билері бар.
Ақылбек Тұрсынбеков, сот саласының ардагері:
- Әрине, мен жаңа айттым, біздің ескі қоғамның билері сияқты алып кете қоймас, дегенмен қоғамның ішінде, ауылдың ішінде болып жатқан мәселелерді шешуде бұның көмегі зор.
Шынымен де, былтыр неке қидырып, биыл ажыраспақшы болған 4 бірдей жұп осы билер кеңесіне келіп райларынан қайтты. Ал, мына екі азамат автобус ішінде сөзге келіп, жаға жыртысқан. Екеуі де сотқа арыз түсіреді. Моралдық шығынның өтелуін талап етеді. Алайда, ақсақалдың ақылын тыңдап, әдептен алшақтай алмады. Кешірім сұрасты.
Евгений Рудько, Көктөбе ауылының тұрғыны:
- Әкімшілік жауапқа тартылып, ірі көлемде айыппұл төлейтін едік. Билерге жүгінгеніміз дұрыс болды. Сотталды деген атының өзі жаман ғой. Рас, тентектікке жол беріппіз. Әкемді көрген, шешемді көрген үлкен кісі басу айтқанда жөнсіз әрекет жасағаныма ұялдым.
Билер кеңесін құруға аудандық сот бастамашы болған. «Айналасы төрт ай ішінде қолданыстағы заңдар аясында азаматтық істерді бітімгершілікпен шешудің тиімді екендігіне көз жетті»,-дейді судьялар.
Ұлжан Рақымбергенова, Май аудандық сотының төрайымы:
- Билер кеңесінің төрелігімен іс қарауды биыл бастадық. Нәтижесі өте жақсы. Азаматтық істердің 30 пайызы бітімгершілік жолмен шешілді.
Қылмыстық ахуал сейіліп, статистика жақсарды. Бұл сот қана емес, жергілікті атқарушы билік, полиция мен прокуратура жұмысын да жеңілдетіп отыр. Болашақта ауыл билерінің мәртебесі нақтыланып, билер кеңесі шешімін заңды тұрғыдан тиянақтау қолға алынбақ.
Болат АМАНБАЕВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы