Биыл елордада көмекке мұқтаж 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елордада көмекке мұқтаж 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

24.04.2019

Ал, 6,5 мыңдай көпбалалы отбасының алатын жәрдемақысы көбейеді. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, қала әкімі Бақыт Сұлтанов және бірқатар басшы елордалық көпбалалы аналармен кездесіп, сан-салалы сұрақтарына жауап берді.

Көпбалалы отбасы мүшелерімен министр, әкімдер тікелей өздері кездесіп, мемлекеттің қолдауына қалай қол жеткізудің тетіктерін түсіндіріп жүр. Бүгінгі маңызды жиынға да Есіл ауданынан аналар көптеп жиналды. Биліктегілер керекті деректің бәріне тоқталып, көпшілікті алаңдатқан мәселелердің шешілу жолдарын жіктеп жеткізді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

- Осындай кездесулерде айтады, жеке қожалықтан алатын табыстарды, ата-аналарының зейнетақысын алып тастау керек деп. Біз оларды қазір қарап жатырмыз. Мүмкіндігімізге қарай шешім қабылдайтын боламыз.

Отбасының қорадағы малы мен қариялардың зейнетақысы табыс ретінде саналу-саналмауы әлі қарастырылып жатыр. Есесіне елордада көпбалалы отбасын қолдау үшін басқа да игілікті шаралар іске асуда. Яғни, осы санаттағы жанұялардың балалары үшін қоғамдық көліктерде жолақы тегін. Мектептегі ыстық тамаққа да 1 қыркүйектен бастап ақша төлемейді. Бұрын бұл жеңілдік 1-4 сынып аралығында болса, енді 11-сыныпқа дейінгі оқушылар тегін тамақтанады. Арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылмақ. Мектеп формасы да көпбалалы отбасыларға тегін үлестіріледі. Ал, ең бастысы – бұдан былай, көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барады.

Бақыт Сұлтанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары және мүгедек балалар балабақшаға тегін барады. Бүгінгі күні білесіздер, мына «Балапан» бағдарламасы бойынша әр балаға, әр орынға 27 мың төлеп отырмыз. Ал, сіздер тамақ үшін 17 мың төлеп отырсыздар. Сол 17 мың 1 қыркүйектен бастап көпбалалы отбасылардың балалары үшін бюджеттен төленетін болады.

Атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде алқалы аналарды алаңдатқан мәселе де аз емес. 2,5 сағатқа созылған жиында қойылған сауалға нақты жауап алды.

Зиуар Жұманова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Көңілімнен шықты. Аналар көп сұрақтарына жауап алды. 

Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биыл 6500 адамның жәрдемақысы көбейеді. Ал, екі мыңға жуық көп балалы отбасы баспаналы болмақ.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу