Басты Жаңалықтар Ауылдарда медициналық мекемелер ашылып жатыр

Ауылдарда медициналық мекемелер ашылып жатыр

Қазақстанда соңғы жеті жылда 1259 медициналық нысан салынды. Соның 800-ден астамы соңғы үш жылда ел игілігіне берілген. Жаңа нысандардың шамамен 95 пайызы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған амбулаториялар мен медициналық пункттер. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту арқылы көмекті, әсіресе шалғай елді мекендерде қолжетімді етуге басымдық беріліп отыр. Соның арқасында 200-ден астам ауылда  медициналық мекемелер ашылды. Миллионға жуық ауыл тұрғыны қажетті көмекті аудан немесе облыс орталығына бармай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын жерден алуға мүмкіндік алды.

Дәулет Жақыпбаев, ҚР ДСМ инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары:
Ең негізгі нысандар ұлттық жоба аясында салынған. 655 нысан сонымен қатар 32 ауданаралық аурухана модернизацияланып іске қосылды. Республикалық деңгейде 3 ұлттық ғылыми орталықтар, 2-і Астанада 1-і Алматыда қолданысқа берілді.
Ал Ақмола облысында «Ауылдағы  денсаулық сақтау саласын дамыту» ұлттық жобасы аясында Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасы күрделі жөндеуден өтті. Стратегиялық нысанның материалдық-техникалық базасы да нығайтылды. Оған облыстық бюджеттен 1 миллиардтан теңгеден астам қаражат бөлінген. Сөйтіп 5 ауданның тұрғындарына күрделі операциялар қолжетімді болды. Жіті коронарлық синдромы бар пациенттер бұрын Атбасардан 200 шақырым жердегі облыс орталығына жіберілетін. Ауданда дәрігерлер тапшылығы да шешімін тауып келеді. Соңғы екі жылда 51 медицина маманы шақырылған.
Самат Исмаилов, Атбасар ауданаралық көпсалалы аурухананың бас дәрігері:
Қазір біз жіті коронарлық синдром, инфаркт, ұйқы артерияларына ота жасаймыз. Ми аневризмасы бойынша осындай операциялар енгізіле бастады. Егер жаңа аппарат болмаса, аяқ-қолды кесуге тура келетін жағдайлар болатын. Қазіргі уақытта біздің дәрігерлер аяқты кеспей, емдейтін дәрежеге жетті.


Бөлісу